Қазақтың тағдыры қашанда Алтайдың екі бетімен сабақтас. Ұлы Алтайдың бергі бетінде елдің азаттығын аңсаған Алаш арыстары күрес жүргізсе, арғы бетінде қара халықтың қамын жеп, әділетсіздікке қарсы тұрған ерлер аз болмаған. Солардың бірі – елге қорған, әлсізге пана болған Зуқа батыр Сәбитұлы. Астанада тарихи тұлғаның туғанына 160 жыл толуына орай «Қаракөпір» және «Қорған» кітаптарының тұсауы кесілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында өткен тағылымды жиынға отандық зиялы қауым өкілдерімен қатар, Еуропадан арнайы келген қазақ қайраткерлері қатысты. Олар Зуқа батырдың өмір жолын, ел қорғаудағы ерлігін, Алаш қозғалысымен байланысын және тарихи тұлғаның бүгінгі ұрпаққа қалдырған аманатын сөз етті.

Кітаптардың жарыққа шығып, елорда төрінде таныстырылуына ЕҰУ-дің «Алтын Орда өркениеті» кафедрасы ұйытқы болды. Шараны ұйымдастыру ісінде журналист Бейсен Ахметұлы Бұқарбай айрықша еңбек сіңірді. Ұлт тарихының көмескі тартқан беттерін қайта жаңғыртуға бағытталған бұл бастама шетелдегі қазақ қауымдастықтары мен атажұрт арасындағы рухани байланысты нығайтуға да мүмкіндік берді.
Жаңа жинақтарға Зуқа батырдың шыққан тегі, өмір жолы, ерлігі мен тағдырлы ғұмырын арқау еткен өлеңдер, жыр-толғаулар енгізілген. Тарихи тұлғаның бейнесі көркем сөз арқылы сомдалған еңбектер зерттеушілерге, әдебиетшілерге, тарихқа қызығатын оқырманға және жалпы жұртшылыққа арналған.
«Қазақстан – артымызда тұрған асқар тау»
Жиынға Австрияның Вена қаласынан арнайы келген қоғам қайраткері, Зұқа батырдың немересі Қызырхан Шолпан қатысты. Ол атақты батырдың ұрпағы болу үлкен мәртебе ғана емес, тарихи жауапкершілік екенін айтты.

«Зуқа батырдың немересі болу бір жағынан қуаныш, бір жағынан үлкен жауапкершілік. Атқаратын көп міндет бар. Шаруа атқарып, жұмыс істеу керек. Осыдан 10 жыл бұрын Зуқа батырдың 150 жылдығына орай 11 елде 150-ге тарта шара өткіздік. Венада Қазақстан елшілігінен басталды. Зұқа атамыз жайлы өлең-жырларды, тарихи деректерді кітап етіп шығардық», – деді Қызырхан Шолпан.
Оның айтуынша, жат жерде дүниеге келіп, өзге елде ержеткен қазақ баласы үшін ата-бабасының тарихын тану бір күнде қалыптасқан түсінік емес. Бала кезінде үлкендерден естіген әңгімелердің шынайы мәнін ол есейгенде ғана ұғына бастаған.
Қызырхан Шолпан Австрияда туып өскен. Сол жақта өмір бойы тұрса да қазақ тілін ұмытпаған. Оның сөзінше, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін шетелдегі қазақтардың тарихи отанымен байланысы жаңа кезеңге қадам басқан.
«Бала кезімізден әкелеріміз айтқан кезде бізге ол әңгімелер түс сияқты болатын. Түркияда туып-өстік. Өскен сайын біле бастадық. Қазақстан тәуелсіз болған соң ғана бізді тани бастады. Мен өзім Австрияда тұрамын. Қазақстан тәуелсіз ел болған соң, 1992 жылы алғаш рет елге келдім. Елдің тәуелсіздігі бізге үлкен рух берді. Қазақстан – артымызда тұрған үлкен асқар тау.
Батырдың немересі тәуелсіздіктің арқасында ұлт тарихындағы талай тұлғаның есімі қайта жаңғырып, бұрын жабық қалған тарихи тақырыптарды зерттеуге жол ашылғанын атап өтті.
«Қазақстанға келген соң жоғымызды жоқтап, ата-бабаларымыздың, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялыларының жоғын жоқтап, міне, қазақтың тарихы қайта жазылып жатыр. Бұл – үлкен қуаныш. Осының бәрін Құдайға шүкір, көрдік», – деді қоғам қайраткері.
Дегенмен оның көңілінде бір өкініш бар. Ол – Зуқа батырдың есімі мен еңбегінің Қазақстанда әлі де кеңінен насихатталмай отырғаны. Қызырхан Шолпан атасының туған жері Зайсан өңіріндегі Кендірлік екенін айтып, тарихи тұлға туралы әдеби және деректі еңбектердің жарық көргенін еске салды. Атап айтқанда, Қажығұмар Шабданұлының «Пана» шығармасын, Батырхан Құсбегиннің Зұқа батырға арналған еңбегін атады. Сөзінше, батыр туралы мақалалар мен кітаптар жазылып, есімі энциклопедиялық басылымдарға енгізілгенімен, халық арасында насихаттау жұмыстары әлі де жеткіліксіз.
Қойшы келсе де, би келсе де қатар отырғызған
Зұқа батырдың есімі көбіне ел қорғаған ерлігімен байланысты айтылады. Алайда немересінің әңгімесіне қарағанда, оның халық жадында сақталуының тағы бір себебі – әлеуметтік әділеттілікті ту етіп, әлсізге араша түсуі. Қызырхан Шолпан атасының бай мен кедейдің, төре мен қарашаның арасын алаламай, адамды ең алдымен кісілік қасиетіне қарап бағалағанын жеткізді.
«Зуқа батырдың бір ерекшелігі – кедей-кепшікке пана болған. Үйіне қойшы келсе де, би келсе де, екеуін қатар отырғызған. Ешкімді мансабы мен байлығына қарап бағаламайды екен. Екіншісі – әділеттілігі. Ол кезде арғы бетте Қытай патшалығына қарайтын төрелер билеген. Сол уәлилердің әділетсіздігіне қарсы шыққан», – деді батырдың немересі.
Оның сөзінше, Зуқа батырдың қайраткерлігі Алтайдағы қазақтардың басынан өткен күрделі тарихи кезеңмен тығыз байланысты. XX ғасырдың алғашқы ширегінде Ресейдегі азамат соғысының салдары шекаралас өңірлерге де әсер еткен. Қызырхан Шолпанның айтуынша, 1920 жылдары ақтар мен қызылдардың қақтығысынан ығысқан қарулы топтар Алтайға жеткен кезде Зуқа батыр жергілікті билікпен бірлесіп, олардың қазақ қоныстарына енуіне тосқауыл болған. Батырдың немересі Зуқа Сәбитұлының кейін Алтай қазақтарының азаттық күресінде аты шыққан Оспан батырға да ықпал еткенін жеткізді.
«Әйгілі Оспан батырдың өзі Зуқаны пірім деп бағалаған. Біздің ауылды Алтайда «Пірім» ауылы деп атайды екен. Себебі Зуқа батыр Оспанға бата берген. Айта берсек, мақтанға кетеді. Көп ерлігі бар», – деді Қызырхан Шолпан.
Ол атасының тек қару ұстаған батыр емес, білімге ден қойған, заманындағы саяси өзгерістерден хабардар адам болғанын да атап өтті. Немересінің айтуынша, Зуқа батыр Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің ұлттық идеяларын Алтайдың арғы бетіне таратуға көмектескен. Қызырхан Шолпан тағы бір тарихи оқиғаға тоқталды. Оның айтуынша, 1904 жылы Зуқа батыр қажылық сапары кезінде Ыстанбұлда Осман империясының сұлтаны II Абдулхамидтің қабылдауында болған.

«Зуқа батыр қажылыққа барған кезде Ыстанбұлда Түркияның патшасы қабылдаған. Өзбегі, ұйғыры, башқұрты, татары бар, бәрі Түркия патшасы Абдулхамитпен кездескен. Оларды Түркістаннан келген қажылар деп қарсы алады. Ишандармен барып, әңгімелесіп, жөн сұрасып кеткен. 1904 жылы сондай оқиға болған. Кездескенде не деп сөйлескенін білмеймін, өтірік айта алмаймын», – деді ол.
Бүгінде Зуқа батырдың ұрпақтары дүниенің әр түкпіріне тараған. Қызырхан Шолпан олардың АҚШ, Австрия, Ұлыбритания, Швеция және Түркияда тұратынын жеткізді. Араларын мұхит бөліп, мекендерін шекара ажыратқанымен, оларды біріктіретін ортақ құндылық бар. Ол – ата-баба тарихына деген құрмет пен қазақтың рухани мұрасын келер ұрпаққа жеткізу мұраты.
«Ата біздікі болғанымен, батыр қазақтікі»
Зуқа батырдың 160 жылдығына арналған шараға Германияның Мюнхен қаласынан қоғам қайраткері, журналист Өмірхан Алтын да арнайы келді. Ол батырдың өмірі мен күрес жолы Қазақстан қоғамында әлі де жеткілікті дәрежеде зерттеліп, насихатталмай отырғанына назар аударды. Өмірхан Алтынның айтуынша, Зуқа батыр бала кезінде әкесімен бірге Алтайдың арғы бетіне өтіп, кейін сол өңірдегі қазақтардың ұлт-азаттық күресіне жетекшілік еткен тұлғалардың біріне айналған.

«Қазақстанда атамыз жайлы көп мәліметтің тарамай жатқаны – біріншіден, ол кісі арғы жақта тұрды. 35 жылда біртіндеп танылып келеді. Әрине, оған мемлекеттік деңгейде мән берілуі керек. Тек Зуқа батыр емес, Оспан батыр бабамыз жайлы да Қазақстанда көп адам біле бермейді. Бөке батыр, басқа да батыр бабалар бар», – деді Өмірхан Алтын.
Өмірхан Алтынның пікірінше, қазақ тарихын мемлекеттік шекарамен шектеп қарастыруға болмайды. Өйткені елдік жолында күрескен тұлғалардың бір бөлігі тарихи жағдайларға байланысты бүгінгі Қазақстан аумағынан тыс жерде өмір сүрген. Олардың тағдыры мен ерлігі де қазақ халқының ортақ тарихының ажырамас бөлігі.
«Ендігі жас буынның атқарар міндеті – ол жақ, бұл жақ демей, соларды тану, насихаттау. Ата біздікі болғанымен, батыр қазақтікі. Батыр бабаларымыздың рухы жастарға берілуі керек», – деді журналист.
Осылайша, Еуразия ұлттық университетінде өткен жиын кітап таныстыру рәсімімен ғана шектелмей, шетелдегі қазақ тарихын зерттеу, ұлт қаһармандарының мұрасын насихаттау және тарихи жадыны жаңғырту мәселелері көтерілген тағылымды басқосуға айналды. Мұндай бастамалардың жүзеге асуына ұйытқы болып жүрген азаматтардың еңбегі де ерекше. Соның ішінде ЕҰУ «Алтын Орда өркениеті» кафедрасының өкілі Бейсен Ахметұлы Бұқарбайдың ұйымдастырушылық қызметі атап өтуге тұрарлық. Батырдың 160 жылдығына арналған кітаптардың жарық көруі мен олардың елордада таныстырылуы – бір тарихи тұлғаның есімін ұлықтау ғана емес, Алтайдың арғы бетінде қалған қазақ мұрасын атажұрттың рухани кеңістігіне жақындатқан игі іс.
Алтайдың арғы бетінде елге қорған болған тұлға
Зуқа батыр Сәбитұлы (1866-1929) – XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүрген, Алтай қазақтарының тарихында ерекше орны бар қоғам және дін қайраткері, халық арасында әділдігімен әрі батырлығымен танылған тұлға. Тарихи-өмірбаяндық деректерде оның 1866 жылы Кендірлік өңірінде дүниеге келгені айтылады. Бұл жер қазіргі Қазақстанның шығысындағы Зайсан өңірімен байланыстырылады. Кейін отбасы Алтайдың арғы бетіне қоныс аударған.

Зуқа батыр өмір сүрген кезең қазақ халқы үшін аса күрделі уақыт болды. Бір жағынан, Ресей империясындағы саяси өзгерістер мен төңкерістер, екінші жағынан, Қытайдағы Цин әулеті билігінің құлауы және одан кейінгі ішкі тұрақсыздық шекаралас аймақтардағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер етті. Осындай алмағайып заманда Алтай қазақтары жергілікті билік өкілдерінің озбырлығына, алым-салық ауыртпалығына, қарулы қақтығыстар мен әлеуметтік теңсіздікке тап болды.
Зуқа Сәбитұлының халық арасындағы беделі оның дәл осы қиын кезеңде қарапайым елдің мүддесін қорғауымен байланысты қалыптасты. Батыр туралы тарихи әңгімелер мен әдеби шығармаларда оның кедей-кепшікке көмектескені, жетім-жесірге қамқор болғаны, әділетсіздікке қарсы тұрғаны жиі баяндалады. Халық жадында сақталған Зуқа бейнесі – тек жауға қарсы шапқан жауынгердің емес, ел ішіндегі дауға араласып, әлсізге сүйеу болған беделді тұлғаның бейнесі. Оның өмірі мен тағдырына арналған шығармалардың қатарында Қажығұмар Шабданұлының «Пана», Батырхан Құсбегиннің «Зұқа батыр», Талғат Кеңесбаевтың «Қараңғы түннің жұлдызы» атты еңбектері аталады.
Бұл шығармаларда батырдың ерлігі, күрескерлік болмысы, адамгершілік қасиеттері және Алтай қазақтарының тарихи тағдыры көркемдік тұрғыдан суреттелген. Зұқа батырдың өміріндегі ең қайғылы оқиға 1929 жылы болды. Сол жылы ол Алтай өңірінде қаза тапты. Батырдың өлімі туралы ел аузында әртүрлі әңгімелер сақталған. Әсіресе, оның жергілікті билікпен қайшылығы мен қарулы күштердің әрекеті жөніндегі деректер тарихи еңбектерде және ауызша шежірелерде кездеседі. Оның қазасы Алтай қазақтарының тарихи жадында әділетсіздікке қарсы тұрған қайсар тұлғаның қасіретті тағдыры ретінде сақталды.
Зуқа батырдың есімі кейінгі ұлт-азаттық күрес тарихымен де сабақтас айтылады. Әсіресе, Оспан батырмен рухани байланысы жөніндегі әңгімелер қазақ қауымының тарихи жадында кең тараған. Бүгінде Зуқа батырдың мұрасы Қазақстандағы ғана емес, Қытай, Моңғолия, Түркия және Еуропадағы қазақ қауымдастықтары үшін де маңызды тарихи құндылық саналады. 2016 жылы батырдың 150 жылдығына орай бірқатар елде еске алу шаралары ұйымдастырылды. Ал биыл 160 жылдық мерейтойына арналған «Қаракөпір» және «Қорған» жинақтарының жарық көруі оның мұрасын жаңаша танытуға бағытталған кезекті қадам болды.
Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, Зуқа батырдың есімі ұрпақ жадынан өшкен жоқ. Алтайдың арғы бетінде қалған ердің рухы бүгін Астанадағы кітап тұсаукесерінде қайта жаңғырды. Өйткені ердің туған жері бір өңір болғанымен, оның ерлігі – тұтас ұлтқа ортақ мұра.