Пікір

«Сезікті бұрын секіріп жатыр»: журналист Face ID-ге қарсы орталықтарға күмән келтірді

Журналист Айдос Жұқанұлы Қазақстандағы әлеуметтік көмек пен мемлекеттік субсидиялардың тиімділігіне қатысты пікір білдірді. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан сөзін қолдап, бюджет қаражатын жұмсау жүйесін қайта қарау қажеттігін алға тартты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Мәселенің түп-тамыры жойылған жоқ»

Айдос Жұқанұлы әлеуметтік желідегі жазбасында Мемлекет басшысының негізсіз жеңілдіктер мен жәрдемақылардың көптігіне қатысты сынына тоқталды. Оның пікірінше, билік жылдар бойы қоғамда туындаған мәселелерді түбегейлі шешудің орнына, әлеуметтік төлемдерді көбейту арқылы халықтың наразылығын уақытша басуға тырысқан. Журналист мұндай тәсіл ұзақ мерзімді нәтиже бермейтінін атап өтті. Себебі жәрдемақылар мен жеңілдіктер ұлғайғанымен, азаматтарды алаңдатқан мәселелердің негізгі себептері жойылмайды.

«Мысалы, бір мәселеге қатысты халық шулайды. Сол шуды басу үшін жәрдемақыны ұлғайтады, түрлі жеңілдіктер жасалады. Халық уақытша тынышталады. Біраз уақыт өткен соң қайтадан талап етеді. Сосын жәрдемақы қайта ұлғаяды. Отыз жыл бойы осылай жалғаса береді де, мәселе шешілмейді. Неге? Себебі түйткілдің түп-тамыры жойылған жоқ», – деп жазды ол.

Оның айтуынша, Президент Жолдауда мемлекеттік аппараттың осындай жұмыс тәсілін сынға алып, бюджет қаражаты есебінен азаматтарға қамқорлық көрсеткендей болуды популизмге теңеген. Сонымен қатар журналист қоғамда мемлекет көмегіне тәуелді болу үрдісі күшейіп келе жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, кейбір кәсіпкерлердің өзі кәсібін дамыту үшін мемлекеттік қолдауға арқа сүйейді. Айдос Жұқанұлы ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидиялардың жұмсалуына да күмән келтірді. Ол фермер таныстарынан мемлекеттік қаржыландыруға қатысты заңсыз әрекеттер туралы естігенін мәлімдеді.

«Субсидияның айналасындағы махинацияларды өзіме өте жақын фермер достарымнан естіп, көріп жүрмін. Апыр-ай, қайран қазынаның қаржысы – желініп жатқан! – деп кіжінесің де, қоясың», – деді журналист.

Face ID төңірегіндегі дау

Журналист мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігіне қатысты мәселені балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларының мысалында да көтерді. Ол кезінде іске қосылған ArtSport бағдарламасының бастапқы мақсаты дұрыс болғанын атап өтті. Аталған жоба балалардың спорттық және шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуына мүмкіндік беруді көздеген. Алайда кейін бағдарлама аясында бюджет қаражатын негізсіз иемдену деректері туралы ақпараттар тараған.

Айдос Жұқанұлы осы жағдайды Астанадағы қосымша білім беру ұйымдарына Face ID жүйесін енгізуге қатысты даумен байланыстырды. Оның айтуынша, мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істейтін бірқатар ұйым өкілдері балалардың қатысуын биометриялық сәйкестендіру арқылы бақылауға қарсылық білдіріп жатыр. Журналист мұндай ұстанымның себебіне күмән келтірді.

«Астанада мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін қосымша білім беру ұйымдарының өкілдері Face ID енгізуге қарсылық білдіріп жатыр. Неге? Face ID орнатқанда тұрған не бар? Жеке өзім әлгі орталықтардың әрекетін түсіне алмадым. Меніңше, бұл жерде жемқорлықтың иісі шығады. Сезікті бұрын секіріп жатыр», – деп жазды ол.

Айта кетейік, бұл – журналистің жеке пікірі. Face ID жүйесіне қарсылық білдірудің өзі сыбайлас жемқорлық әрекетінің дәлелі болып саналмайды. Айдос Жұқанұлының пікірінше, мемлекет әлеуметтік саясатқа қатысты қолданыстағы тәсілдерді қайта қарап, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына бақылауды күшейтуі қажет. Ол әсіресе атаулы әлеуметтік көмектің шын мәнінде мұқтаж азаматтарға жетуін қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Журналист әлеуметтік мәселелерді уақытша төлемдер мен жеңілдіктер арқылы шешуге тырысудың орнына, олардың туындау себептерін жоюға және ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізуге басымдық беруге шақырды.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button