ЕрекшеЖаңалықтар

«Бір қадамнан кейін тағы бір қадам»: 94 жастағы америкалық әлемдік рекорд орнатты

АҚШ-та 94 жастағы зейнеткер Эрнест Шойер әлемдегі ең әйгілі табиғи нысандардың бірі – Үлкен каньонды бір жиегінен екіншісіне дейін жаяу кесіп өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды Tizgin.kz Гиннестің рекордтар кітабына сілтеме жасап.

Ол күрделі тау соқпақтары арқылы шамамен 33 шақырым жүріп, жолды 33 сағат 45 минутта еңсерген. Осылайша, Шойер аталған бағытты бағындырған ең егде жастағы ер адам атанды.

94 жасында 33 шақырым жүріп, әлемдік рекорд орнатты

Гиннестің рекордтар кітабының мәліметінше, Эрнест Шойер Үлкен каньонды жаяу кесіп өткен кезде 94 жас 75 күндік болған.Бұл көрсеткіш оған аталған бағытты ең егде жаста бағындырған ер адам ретінде әлемдік рекорд орнатуға мүмкіндік берді. Бұған дейін рекорд испаниялық Альфредо Алиага Бурдиоға тиесілі болған. Ол 2023 жылы 92 жасында Үлкен каньонның бір жиегінен екіншісіне дейінгі бағытты жаяу жүріп өткен.

Ал Эрнест Шойер бұл жетістікті жаңартып, жасы ұлғайған шақта да күрделі жорыққа шығуға болатынын көрсетті. Зейнеткер бұған дейін ұзақ жылдар бойы жаяу серуендеумен және табиғат аясындағы жорықтармен айналысқан. Алайда Үлкен каньондағыдай күрделі бағытты бұрын бағындырмаған. Соған қарамастан, рекорд иесі өз жетістігін ерекше ерлік деп санамайды.

«Жорық аса қиын болған жоқ. Тек төмен түскенде және жоғары көтерілгенде бірнеше тік учаске кездесті. Соқпақтың кей жерлері тасты әрі тегіс емес, сондықтан аяқ астына мұқият қарау керек. Көбіне баяу жүрдім. Бірақ «бір қадамнан кейін тағы бір қадам» деген ұстанымымды сақтап, сапарды соңына дейін жеткіздім», – деген зейнеткердің сөзін келтіреді Гиннестің рекордтар кітабы.

33 сағат 45 минуттық сапар: қарияны немересі де қолдады

Эрнест Шойер күрделі сапарға жалғыз шықпаған. Онымен бірге немересі Эрик Арлингтон және тәжірибелі жорықшылардан құралған шағын топ болған. Саяхатшылар Үлкен каньонның солтүстік жиегіндегі North Kaibab соқпағымен төмен түсіп, шатқал түбіне жеткен. Кейін Bright Angel кемпингінде демалып, оңтүстік жиекке қарай көтерілген.

Жалпы бағыт шамамен 33 шақырымды құраған. Ал төмен түсу мен қайта көтерілу кезіндегі биіктік айырмаларының жиынтығы үш шақырымнан асқан. Топ бүкіл сапарды 33 сағат 45 минутта аяқтаған. Бұл уақытқа жолдағы аялдамалар мен демалыс та кірген. Ал нақты қозғалыста болған уақыт шамамен 15 сағатты құраған.

Жолдың күрделілігіне қарамастан, Шойер асықпай, өзіне қолайлы қарқынмен жүріп отырған. Оның айтуынша, сапардың соңғы бөлігі, әсіресе биікке көтерілу кезеңі, үлкен күш-жігерді талап еткен. Алайда межелі жерге жақындаған сайын мақсатына жететініне деген сенімі арта түскен.

«Мақсатыма жететінімді білгенде күшім арта түсті»

Эрнест Шойер ұзақ әрі күрделі сапардан кейін өзін жақсы сезінгенін айтқан.

«Жорық аяқталған кезде өзімді өте жақсы сезіндім. Соңғы бірнеше шақырымда биікке көтеріліп келе жатқанымда бойымда ерекше күш пайда болғандай болды. Өйткені алға қойған мақсатыма жететінімді білдім», – деді рекорд иесі.

Зейнеткердің жетістігі жас ұлғайған шақта да белсенді өмір салтын ұстанудың маңызын көрсетеді. Дегенмен Үлкен каньонды жаяу кесіп өту арнайы дайындықты, бағытты мұқият жоспарлауды және физикалық мүмкіндіктерді дұрыс бағалауды талап етеді. АҚШ-тың Аризона штатында орналасқан Үлкен каньон – әлемдегі ең танымал табиғи көрікті орындардың бірі. Оның тік жартастары, биіктік айырмашылығы және күрделі соқпақтары жорықшылар үшін елеулі сынақ саналады. Эрнест Шойердің жетістігі Гиннестің рекордтар кітабына ресми тіркелді. Оның «бір қадамнан кейін тағы бір қадам» деген қарапайым ұстанымы 94 жасында әлемдік рекордқа жетеледі.

 

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button