«Кейбірі хазар болуы мүмкін»: ҚР СІМ Пәкістанда көмек сұраған қазақтарды әлі тексеріп жатыр

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің бірінші орынбасары Ақан Рахматуллиннің сөзінше, қазір осыған қатысты комиссия құрылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“ТҮРЛЕРІ ҰҚСАСА ДА, ТІЛДЕРІ БАСҚА”
Бірінші орынбасардың сөзінше, қазір жан-жақты қарап жатыр.
“Арнайы комиссия құрылған, бір жұмыс нәтижесін әлі білмейміз. Олар қай елдің азаматтары деген сияқтыны анықтауымыз керек. Соған байланысты шешім қабылданады, – деді жауапты тұлға.
Осы аралықта оған “бәрін қарастырып бітеміз дегенше уақыт созылып кетпей ме?” деген сұрақ қойылды. Ол не де болса, асықпау керектігін жөн санады.
“Мұқият қарау керек бәрін. Пәкістанда елшілікте істеген тәжірибеме сүйеніп айтсам, ішінде қазақ еместері де бар. Түрлері ұқсап тұрса да, парсы тілінде сөйлейді. Бәріне көз жеткізіп барып, тиісті шешім қабылдау керек, – деді ол.
ПӘКІСТАННАН КӨМЕК СҰРАҒАН
Еске сала кетейік, бұған дейін депутат Ерлан Сайыров өзіне Пәкістаннан қандастар хабарласып, пана сұрағанын айтты. Карачи қаласынан өзіне 40 жанұя, 300 қазақ атынан Хамит Жорабай деген азамат хабарласқан.
«Оның айтуынша, осыдан екі жыл бұрын 40 жанұя, 300 қазақ Ауғанстаннан Пәкістанға босып барған. Пәкістанға келген кезде Пәкістанның Қазақстандағы елшісі келіп, олардың жағдайын көріп, көмектесуге уәде еткен. Екі жылдың ішінде Пәкістан биліг 30 тамыз күні 300 қазақты қайтадан Ауғанстанға депортация жасайтынын мәлімдеген, – деді Ерлан Сайыров.
Сосын депутат бірден Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне хабарласқан. Алайда сыртқы саясатқа жауапты ведомство оларға көмектес алмайтынын жеткізген. СІМ олардың қолында «қазақ деген анықтама жоқ» деген.
«Енді оларға қалай көмектесе аламыз деп сұрасам, «қайтадан Ауғанстанға барып қазақ деген анықтаманы алуы керек» дейді. Ауғанстанға барса олардың жағдайы өте қиын болады. Оны Хамит бауырымыз айтып отыр. Сондықтан, мен Қазақстан үкіметінің басшысы Олжас Бектенов мырза мен сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мырзаға үндеу жариялаймын. Қан су емес. Біз иісі қазақты құтқаруымыз керек. Сондықтан, осы 300 қазақты Қазақстанға көшіруге жағдай жасайық. Егер бүкіл қазақ болып көшіре алмасақ, БҰҰ босқындар жөніндегі комиссиясына өтініш жасау керек. 300 қазақты босқын ретінде олар мойындауы керек. Осы мәселе бойынша үкіметке үндеу жариялаймын. Құрметті қауым, сіздерден қолдауларыңызды сұраймын», – деген болатын Сайыров.