Тергеу

Қостанай облысында 352 тонна бидайды заңсыз сатқан компания басшысы сотталды

Қостанай облысындағы «Эклипс Агро» ЖШС директоры өзгенің бидайын рұқсатсыз сатқаны және тасымалдаушыларға көрсетілген қызмет ақысын төлемегені үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

28,5 млн теңгенің бидайын сатқан

Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың қазан айында компания директоры шаруа қожалығына тиесілі 352,56 тонна бидайды алған. Астықтың жалпы құны 28,5 млн теңгеге бағаланған. Кейін бидайдың құжаттары «Эклипс Агро» ЖШС атына қайта рәсімделіп, астық заңды иесінің келісімінсіз үшінші тұлғаларға сатылған.

Бұдан бөлек, компания үш тасымалдаушыға көрсеткен қызметі үшін жалпы сомасы 11,1 млн теңге төлемеген.

Сот барысында қорғау тарапы компания мен шаруа қожалығы арасында бірлескен шаруашылық қызмет жүргізілгенін алға тартқан. Алайда прокурор мұндай келісімді растайтын шарттың жоқ екенін мәлімдеді. Сондай-ақ компания директорының өзгенің астығын сатуға құқығы болғанын дәлелдейтін құжаттар ұсынылмаған.

“Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот оны кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, сотталушы 6 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды”,  – делінген мәлімдемеде.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button