TOP-2Тергеу

560 миллион теңгенің ісі: Интерпол іздеген Қазақстан азаматы Таиландта ұсталды

Таиландтың Пхукет аралында халықаралық іздеуде жүрген 24 жастағы Қазақстан азаматы ұсталды. Ол елде алаяқтық жасап, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметінше, мемлекетке келтірілген шығын 560 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Таиланд бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Қазақстан азаматы 3 қарашада Пхукет аралындағы Патонг ауданында орналасқан жатақханалардың бірінде ұсталған. Жергілікті полиция қызметкерлері халықаралық іздеуде жүрген күдіктінің мекенжайын анықтап, ол тұрып жатқан ғимаратқа барған. Жатақхана қызметкері тәртіп сақшыларын Қазақстан азаматының бөлмесіне ертіп апарған. Есік ашылған сәтте ер адам бой тасалауға әрекеттенгенімен, полицейлер оны бірден қолға түсірген.

Тайландтағы БАҚ дерегінше, Қазақстанда 24 жастағы азамат алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру күдігі бойынша іздестірілген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ол сыбайластарымен бірге жалған құжаттар дайындап, 20-дан астам жалған компания құрған. Күдіктілер осы кәсіпорындар арқылы ақшаны қолма-қол айналымға шығарып, салық төлеуден жалтарған болуы мүмкін. Алдын ала мәлімет бойынша, аталған әрекеттер салдарынан мемлекетке 560,8 миллион теңге көлемінде шығын келген. Осы іске байланысты күдікті Интерпол желісі арқылы халықаралық іздеуге жарияланған.

Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қаралып жатыр

Ұсталғаннан кейін Таиланд полициясы қазақстандықтың ел аумағында заңсыз жүргенін де анықтаған. Мәліметке сәйкес, ол Таиландқа 2026 жылы 4 наурызда келген. Сол елде жүруіне берілген рұқсаттың мерзімі 2 мамырда аяқталғанымен, азамат белгіленген уақыттан кейін де елден шықпаған. Көші-қон талаптарын 185 күннен астам уақыт бойы бұзғаны белгілі болды. Жергілікті БАҚ хабарлауынша, ұсталған азамат Интерпол арқылы іздеуде жүргенін растаған. Таиланд полициясы оған көші-қон заңнамасын бұзу бойынша айып тағып, істі тергеушілерге тапсырған.

Осы оқиға жөнінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, азамат Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы негізінде ұсталған.

«Пхукет аралында жергілікті құқық қорғау органдары Интерпол желісі арқылы халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматын ұстады. Оны елге экстрадициялау мәселесі уәкілетті органдармен бірлесіп, белгіленген тәртіппен пысықталып жатыр», – деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.

Әзірге күдіктінің Қазақстанға қашан жеткізілетіні белгісіз. Tengrinews.kz редакциясы қосымша ақпарат алу үшін Бас прокуратураға сауал жолдаған. Алайда материал жарияланған сәтте ведомстводан жауап түспеген. Айта кетейік, бұған дейін, 3 қазанда, аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікке ілінген тағы бір қазақстандықтың шетелден экстрадицияланғаны хабарланған еді. Ол 2021 жылдан бері тергеуден жасырынып жүрген. Күдікті Интерпол мен Қазақстан Бас прокуратурасының қатысуымен елге жеткізілген.

Back to top button