TOP-1Тергеу

Қорғаныс министрлігіндегі тексерістен соң 37 қылмыстық іс қозғалды

Қазақстанда Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталған Қорғаныс министрлігін ауқымды тексерудің алғашқы нәтижелері жарияланды. Арнайы комиссия 100-ден астам нысанды тексеріп, бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Қазір құқық қорғау органдары 37 қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Ақорданың мәліметінше, арнайы комиссия Қазақстан Қорғаныс министрлігінің қызметіне кешенді тексеру жүргізуді жалғастырып жатыр. Бүгінге дейін мамандар 104-тен астам нысанды тексерген. Тексеру әскери қызмет өткеру жағдайына тікелей әсер ететін негізгі бағыттарды қамтиды. Атап айтқанда, комиссия әскери қызметшілердің тамақтануын ұйымдастыру, жеке құрамды әскери киіммен қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету сапасы мен әскери қызмет өткеру жағдайларын зерделеп жатыр.

Сонымен қатар қаржылық тәртіптің сақталуына және қорғаныс ведомствосының қажеттіліктеріне бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына ерекше назар аударылып отыр. Тексеру барысында бірқатар заңсыздықтар анықталған. Кейбір деректер бойынша тергеу басталып, жиналған материалдарды уәкілетті органдар зерделеп жатыр.

37 қылмыстық іс қозғалды

Ақорданың хабарлауынша, қазір құқық қорғау органдарының өндірісінде 37 қылмыстық іс бар. Алайда анықталған заңбұзушылықтардың нақты мән-жайы, болжамды қылмыстардың құқықтық саралануы және іске қатысы болуы мүмкін тұлғалар туралы мәліметтер әзірге жарияланған жоқ. Тергеу мүддесіне байланысты істің егжей-тегжейі құпия сақталып отыр.

Сондай-ақ аталған 37 қылмыстық істің қаншасы Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғаға тікелей қатысты екені, ал қаншасы Қорғаныс министрлігін тексеру барысында анықталған өзге де заңбұзушылықтарға байланысты қозғалғаны нақтыланбады. Арнайы комиссия жұмысын жалғастырып жатыр. Қорғаныс министрлігін ауқымды тексеруді 2026 жылғы қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған заңбұзушылықтар жинақталып, алдағы уақытта қабылданатын шаралар айқындалады деп күтілуде.

Каспийдегі трагедия

24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.

Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды.

Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды. 

Back to top button