Ақтауда мектептегі әйел тазалықшының шелегін тепті: арнайы комиссия құрылды
Ақтаудағы жекеменшік «Тұлпар» лицейінде болған оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Желіде оқу орны директорының жұбайы делінген әйел тазалықшы жұмыс істеп жатқан кезде су құйылған шелекті теуіп жібергені көрсетілген бейнежазба тарады. Қалалық білім бөлімі арнайы комиссия құрып, тексеру бастады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Видео жұрттың наразылығын тудырды
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға Ақтау қаласындағы жекеменшік Tulpar School («Тұлпар») лицейінде болған. Жарияланған бейнежазбада әйел адамның тазалық жұмыстары жүргізіліп жатқан жерде су құйылған шелекті аяғымен теуіп жіберген сәті көрсетілгені хабарланды.
Желі қолданушыларының мәліметінше, видеодағы әйел – оқу орны директорының жұбайы. Олардың пікірінше, бұл әрекет өз міндетін атқарып жүрген қызметкерге деген дөрекілік көрсетеді. Оқиға әлеуметтік желіде кеңінен тарап, көптеген қолданушының наразылығын тудырды.
«Біз бұл жағдайдың назардан тыс қалмағанын және заң аясында әділ бағасын алғанын қалаймыз. Қызметтік лауазымына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, әр адам заң алдында тең болуы тиіс», – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.
Тағы бір желі қолданушысы адамның қоғамдағы орны мен лауазымы оның өзгелерге қарым-қатынасын анықтамауы керектігін атап өткен.
«Адамның лауазымы емес, адамгершілігі биік болуы керек!» – дейді ол.
«Жалақысын төлеуді талап етеміз»
Әлеуметтік желідегі пікірлер арасында тазалықшының кейін жұмыстан шығарылғаны туралы да ақпарат тарады. Желі қолданушылары еңбек қатынастарында қызметкердің құқықтары мен адамдық қадір-қасиеті қорғалуға тиіс екенін де еске салды.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 4-бабы 12-тармақшасына сәйкес, еңбек заңнамасының негізгі қағидаттарының бірі – жұмыскердің еңбек саласында өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетінің құрметтелу және қорғалу құқығын қамтамасыз ету. Осыған байланысты пікір білдірушілер оқиғаның жан-жақты тексеріліп, қызметкердің еңбек құқықтарына қатысты мәселелерге де назар аударылуын талап етуде.
Білім басқармасы арнайы комиссия құрды
Ақтаудағы жағдайға қатысты Маңғыстау облыстық білім басқармасы түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, оқиғаға байланысты Ақтау қалалық білім бөлімі арнайы комиссия құрып, тексеру жұмыстарын бастаған.
«Тексеру барысында барлық тараптың түсініктемелері тыңдалып, болған жағдайға тиісті құқықтық және ұйымдастырушылық баға беріледі. Зерделеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама аясында қажетті шаралар қабылданады», – деп хабарлады білім басқармасы.
Ведомство аталған жағдайдың бақылауға алынғанын да мәлімдеді. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде оқиғаға байланысты полицияға арыз берілгені туралы ақпарат тарады. Арыздың қаралу нәтижесі мен құқық қорғау органдары қабылдаған шешім жөнінде әзірге нақты мәлімет жоқ.
Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайы, тазалықшының еңбек қатынастарына байланысты жағдайы және тараптардың түсініктемелері анықталуға тиіс.