Жапаров Қырғызстанда энергетикалық сусындарға толық тыйым салғалы отыр
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров үкіметке бір ай ішінде энергетикалық сусындар өндіріп, елге импорттауға толық тыйым салу мәселесін қарастыруды тапсырды. Бұған жұрт арасында аталған сусындарды көптеп тұтыну мен денсаулыққа төнетін қауіп себеп болған, деп хабарлайды Tizgin.kz kaktus.media-ға сілтеме жасап.
Тұрғындар көптеп тұтына бастаған
Бұл туралы Қырғызстан басшысы Facebook парақшасында жазды. Сөзінше, бұған дейін президент әкімшілігінің жауапты бөлімдеріне елдегі энергетикалық сусындар бойынша жағдайды жақсылап зерттеу тапсырылған.
Талдау нәтижесінде мұндай өнімдерге сұраныс әр жылы артып келеді. Айталық, өткен жылы Қырғызстан тұрғындары 54 миллион 199 мың литр энергетикалық сусын тұтынған. Ал биыл алғашқы алты айда бұл көрсеткіш 36 миллион 83 мың литрге жеткен.
Статистикаға сенсек, былтыр елде 25 миллион 263 мың литр энергетикалық сусын өндірілді. Одан бөлек, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен 28,4 миллион литр, басқа мемлекеттерден 1,2 миллион литр өнім жеткізілген.
Бұл саладан бюджетке түсетін салық пен кедендік түсімдер де қомақты. Өткен жылы олардың көлемі 1 миллиард 104 миллион сомнан асқан. Ал биылғы бірінші жартыжылдықта шамамен 996 миллион сомға жеткен.
Президент өзге елдерді мысал етті
Садыр Жапаров энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтынудың денсаулыққа қауіпті екенін ескерткен ақ халаттылар пікіріне де тоқталды.
Оның сөзінше, уролог, кардиолог және эндокринолог дәрігерлер мұндай сусындарды көп тұтыну салдарына алаңдап отыр.
«Кей адам мөлшермен тұтынса, ештеңе етпес деуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе бұл сусындар тәуелділікке әкеліп, әдетке айналуы мүмкін екенін ескеруіміз керек. Ал оның соңы кейде өкінішті жағдайларға апарып соғады», – деп жазды президент.
Жапаров өзге елдер тәжірибесін де мысал етті. Айтуынша, Литва мен Латвия елдерінде энергетикалық сусындарды қарапайым дүкендерде еркін сатуға шектеу қойылған. Ал Польшада екі жылдан бері бұл өнімдерді 18 жасқа толмағандарға сатуға заңмен тыйым салынған.
Енді Қырғызстан үкіметі бір ай ішінде энергетикалық сусындарды өндіру мен импорттауға толық тыйым салу мәселесін қарастыруы тиіс.