Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Тергеу аясында 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу тағайындалған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
300-ден астам адамнан жауап алынды
Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында кешенді тергеу әрекеттерін жүргізген. Тергеу аясында 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу тағайындалған.
Сегіз лауазымды тұлға қамауға алынды
Еске салайық, тергеу барысында қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу күдігімен сегіз лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынған.
Олардың қатарында Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны бар.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілмейді. Жақын арада тергеу әрекеттерін аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр, – делінген Бас прокуратура мәліметінде.
Тергеу барысын Бас прокуратура өкілдері ерекше бақылауға алған.
Каспийдегі трагедия
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды.
Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды.