Аса ірі көлемде алаяқтық жасаған күдікті Грузиядан экстрадицияланды
Тергеу барысында күдіктінің отандық тауар өндіруші мәртебесін заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны анықталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Айыбы не
Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері елден аса ірі мөлшерде алаяқтық жасап, жалған медициналық бұйымдарды ірі мөлшерде өндіргені үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады.
Тергеу барысында күдіктінің мемлекеттік медициналық ұйымдардың медициналық жабдықтарды сатып алу жөніндегі тендерлерінде басымдылыққа ие болу мақсатында отандық тауар өндіруші мәртебесін заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны анықталды, – делінген Бас прокуратура мәліметінде.
Залал 4 млрд теңгеден асады
Атап айтқанда, ол нақты өндірісті ұйымдастырмай, медициналық техниканың Қазақстанда өндірілетіні туралы уәкілетті мемлекеттік органдарға жалған мәліметтер ұсынған.
Нәтижесінде шетелдік жинақтаушы бөлшектерден құрастырылған медициналық техника мемлекеттік медициналық ұйымдарға отандық өнім ретінде өткізіліп, мемлекетке 4,5 млрд теңгеден астам залал келтірілді.
Күдікті қамауға алынды
Мәлім болғандай, қылмыс жасаған соң күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланды.
Осы жылдың наурыз айында ол Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды, – делінген ақпаратта.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.
Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Мәлім болғандай, жыл басталғалы Грузиядан 7 адам экстрадицияланды, олардың 5-і жымқыру үшін іздеуде болған.