Жаңалықтар

«Ақшаңызды екі еселеп беремін»: Астана тұрғыны 30-ға жуық адамды алдады деген күдікке ілінді

24 жастағы елорда тұрғыны тұрғындарға аз уақытта мол табыс тауып, салған қаражатын еселеп қайтаруға уәде беріп, алаяқтық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әлеуметтік желіде уәде берді

Полиция мәліметінше, күдікті әлеуметтік желілерде инвестиция салу арқылы тез әрі мол табыс табуға болатыны туралы хабарландырулар жариялаған. Ол салынған қаражатты екі еселеп қайтаруға уәде берген.

Аталған ұсынысқа Ақтөбе облысының бірнеше тұрғыны да қызығушылық танытқан. Уәде етілген пайдаға кенелеміз деген азаматтар күдіктіге ақша аударған. Жалпы елдің әр өңірінен 28 адам оның алаяқтық әрекетінің құрбаны болған.

Алғашында әйел салымшыларға уәде етілген пайыздық төлемдер жасап, олардың сеніміне кірген. Алайда азаматтар ірі көлемде ақша сала бастағанда төлемдер тоқтатылған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Астана қаласының 24 жастағы тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген Ақтөбе облысының Полиция департаменті ақпаратында.

Тергеу жүріп жатыр

Қазір аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы, келтірілген залал көлемі мен күдіктінің осыған ұқсас басқа да құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

Әсіресе қысқа мерзімде жоғары табыс табуға немесе салынған қаражатты еселеп қайтаруға кепілдік беретін ұсыныстардан сақ болыңыздар. Ақша аудармас бұрын инвестициялық жобаның заңдылығын, ұйымдастырушылардың сенімділігін және қаражат салу шарттарын мұқият тексеріңіздер, – делінген мәліметте.

Back to top button