ЕрекшеЖаңалықтарОқиға

Ауғанстандағы жер сілкінісінен кемі 500 адам қаза тапты

Ауғанстанның Кунар провинциясында магнитудасы 6,2 балл болатын жойқын жер сілкінісі болып, 500-ден астам адам қаза тапты, деп хабарлайды Tizgin.kz Ауғанстанның мемлекеттік телерадиокорпорациясы RTA-ға сілтеме жасап.

«Соңғы мәліметтерге сәйкес, провинцияның Вата-Пур, Маноги, Чапа-Дара, Чоуки және Нургал аудандарында кеше түнгі жер сілкінісінен шамамен 500 адам көз жұмып, 1000-ға жуық адам жарақат алды», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, қаза тапқандар саны артуы мүмкін, себебі көптеген адамдар әлі де үйінді астында қалып отыр. Құтқару жұмыстарына жергілікті билік пен тұрғындар қатысып жатыр, жолдар көшкін салдарынан жабық болғандықтан, операцияға тікұшақтар тартылған.

Жергілікті билік өкілдері бұл ел тарихындағы ең жойқын жер сілкіністерінің бірі екенін атап өтті. Бұған қоса, аймақта кем дегенде екі қайталама дүмпу тіркелген, олардың бірі 5,2 магнитуданы құрады.

АҚШ-тың Геологиялық қызметі (USGS) таратқан дерекке сәйкес, зілзаланың эпицентрі Джелалабад қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 27 шақырым жерде, 8 шақырым тереңдікте, Пәкістан шекарасына жақын орналасқан.

 
Back to top button