Геосаясат

Польша Ресеймен шекарада арнайы операция бастады

Польша билігі Ресейдің Калининград облысымен шектесетін аймақтарда арнайы қауіпсіздік операциясын бастады. Бұған барлау қызметтерінің ықтимал диверсиялар мен қарулы топтардың шекарадан өту қаупі туралы ескертуі себеп болған, деп хабарлайды Tizgin.kz Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.

Бұл туралы 2 қарашада RMF FM радиостанциясының эфирінде Польша полициясының бас коменданты Марек Боронь мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен аптада Польша билігі елдің әскери барлау қызметі мен одақтас мемлекеттердің арнайы қызметтерінен Ресеймен шекарада ықтимал диверсиялық әрекеттер жасалуы мүмкін екені туралы ақпарат алған. Атап айтқанда, қарулы топтардың шекараны заңсыз кесіп өту әрекеттері болуы ықтимал.

Шекараға әскер мен арнайы жасақтар жіберілді

Марек Боронь бұл қауіптерді Польша аумағында байқалып отырған диверсиялық және өзге де гибридті сипаттағы әрекеттермен байланыстырды.

«Бұл еліміздегі қазіргі жағдаймен – диверсиялармен, саботаж әрекеттерімен және шығыстағы арнайы қызметтердің гибридті қылмыстық әрекеттерінің барлық түрімен тікелей байланысты», – деді ол.

Арнайы операция Польшаның солтүстік-шығысындағы Варминь-Мазур және Подлясье воеводстволарында жүргізіліп жатыр. Оған полиция, армия, шекара қызметі, арнайы қызметтер және терроризмге қарсы бөлімшелер жұмылдырылған. Қауіпсіздік шараларын үйлестіру үшін Польша полициясының бас басқармасында арнайы штаб құрылған. Сонымен қатар шекара маңындағы аймақтарға елдің бірнеше өңірінен қосымша полиция күштері жіберілген.

Польша билігі операцияның мақсатын түсіндірді

Польша полициясының басшысы арнайы операцияның алдын алу сипатында екенін атап өтті. Оның сөзінше, негізгі мақсат – шекара маңындағы тұрғындардың, мемлекеттік мекемелер мен диверсия нысанасына айналуы мүмкін басқа да объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. «Бұл, соның ішінде, шетелдік арнайы қызметтерден алып отырған ақпаратпен байланысты. Біздің міндетіміз – сол аймақтарда тұратын азаматтар мен мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамды кез келген ықтимал қатерден қорғау», – деді Марек Боронь.

Сонымен бірге ол қосымша күштердің шекараға жіберілуі Польшадағы Конституциялық трибунал төңірегіндегі саяси дағдарысқа байланысты деген болжамдарды жоққа шығарды. Әзірге Польша билігі шекара арқылы қарулы топтардың нақты өткенін немесе диверсиялық әрекеттердің жүзеге асқанын хабарлаған жоқ. Қазіргі қауіпсіздік шаралары барлау қызметтерінен түскен ескертулер негізінде қабылданып отыр.

Back to top button