TOP-1Тергеу

Атырауда экстремизм бабы бойынша 10 адам ұсталды

Атырауда экстремистік топ құрып, Қазақстанның конституциялық құрылымын күшпен өзгертуді көздеді деген күдікпен 10 адам ұсталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, арнайы операция 2026 жылғы 30 қазанда прокуратура органдарының үйлестіруімен жүргізілген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында Атырау қаласында бір мезгілде 10 адам ұсталған.

Олар экстремистік топ құрып, оның қызметін жүргізіп, сондай-ақ терроризмді насихаттап, діни алауыздықты қоздырды деген күдікке ілініп отыр. Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер елдің батыс өңірінде конституциялық құрылыс негіздерін күшпен өзгертуді мақсат еткен. Ұсталғандардың тұрғылықты мекенжайларында жүргізілген тінту кезінде атыс қаруы, есірткі, діни атрибутика, әдебиеттер мен тергеу үшін маңызы бар өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленген.

Үш жасырын оқу орталығы жабылды

Арнайы операция барысында күдіктілер ұйымдастырған балалар мен жасөспірімдерге арналған үш жасырын оқу орталығының қызметі тоқтатылды.

ҰҚК мәліметінше, топтың бірқатар мүшесі бұған дейін террористік және жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін сотталған.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. ҰҚК Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеуге қатысты өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.

Back to top button