Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қайтыс болған адамның бейнесін жасанды интеллект арқылы жандандыруға қатысты шариғат үкімін түсіндірді. Дін мамандарының пікірінше, мұндай технологияны қолдануға белгілі бір жағдайларда рұқсат етіледі. Алайда марқұмның атынан жалған ақпарат таратуға немесе оның бейнесін адамдарды алдау мақсатында пайдалануға тыйым салынады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл туралы ҚМДБ әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жариялады. Тақырыпқа қатысты түсіндірмені «Мұнара» газеті де таратқан. Қазір жасанды интеллект көмегімен ескі фотосуреттерді қозғалысқа келтіруге, адамның дауысын қайталауға, тіпті оның бейнесін сөйлетуге мүмкіндік бар. Мұндай технологиялар әсіресе өмірден өткен жақындарының бейнесін қайта көргісі келетін адамдар арасында кеңінен қолданылып жүр.
Алайда бұл әрекеттің діни тұрғыдан қаншалықты дұрыс екені туралы сұрақтар да туындайды.
ҚМДБ түсіндірмесінде ислам фиқһының негізгі қағидаларының бірі келтірілген. Оған сәйкес, белгілі бір әрекетке қатысты үкім шығару үшін алдымен оның мәні мен мақсатын дұрыс түсіну қажет. Сондықтан марқұмның бейнесін жасанды интеллект арқылы жандандырудың шариғаттағы үкімі технологияның қандай мақсатта қолданылатынына байланысты.
Қандай жағдайда рұқсат етіледі
Дін мамандарының түсіндіруінше, егер адам өмірден өткен жақынының суретін жасанды интеллект арқылы қозғалысқа келтіріп, оны сағынышын басу, көңіл жұбату немесе жақсы естеліктерді жаңғырту үшін пайдаланса, мұндай әрекетке рұқсат етіледі. Өйткені бұл жағдайда технологияны қолданудың мақсаты шариғат талаптарына қайшы келмейді және тыйым салынған әрекеттерді қамтымайды.
ҚМДБ бұл мәселеде фиқһтағы «Құралдардың үкімі оның қандай мақсатта қолданылуына байланысты» деген қағиданы негізге алған. Демек, жасанды интеллект арқылы марқұмның суретін жандандырудың өзі автоматты түрде тыйым салынған әрекет болып есептелмейді. Оның діни тұрғыдан бағалануы адамның ниетіне, қолдану тәсіліне және ықтимал салдарына байланысты.
Қандай жағдайда тыйым салынады
Сонымен қатар ҚМДБ жасанды интеллект көмегімен марқұмның бейнесін жандандыруға тыйым салынатын жағдайларды да түсіндірді. Біріншіден, егер мұндай әрекет адамды шынайы өмірден алшақтатып, өткен шаққа байланып қалуына, қайғы-қасіретінің күшеюіне немесе Алланың өлім туралы белгілеген тағдырына іштей қарсылық сезімін тудыруына себеп болса, оны қолдануға болмайды.
Дін мамандары мұндай технологияның адамға және оның жақындарына рухани әрі психологиялық зиян келтіруі мүмкін екенін ескертеді. Бұл ретте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» деген хадисі келтірілген.
Екіншіден, марқұмның бейнесін пайдаланып, оның көзі тірісінде айтпаған сөздерін айтқызуға, ұстанбаған пікірлерін таңуға немесе оның атынан жалған ақпарат таратуға қатаң тыйым салынады. ҚМДБ мұндай әрекетті ақиқатты бұрмалау және қайтыс болған адамның қадір-қасиетіне қол сұғу деп бағалайды. Әсіресе жасанды интеллект арқылы өзгертілген бейнелерді коммерциялық жарнамада пайдаланып, марқұм белгілі бір өнімді немесе қызметті қолдағандай етіп көрсету адамдарды жаңылыстыруы мүмкін.
Дін мамандарының түсіндіруінше, бұл қоғамды алдауға және адамдардың мал-мүлкін әділетсіз жолмен иеленуге әкелуі ықтимал. Ал шариғатта мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Осыған байланысты ҚМДБ марқұмның бейнесін жасанды интеллект арқылы жандандыруға қатысты үкім оның қолданылу мақсатына тікелей байланысты екенін атап өтті.
Қорыта айтқанда, қайтыс болған адамның суретін жақсы естеліктерді жаңғырту немесе көңіл жұбату мақсатында қозғалысқа келтіруге рұқсат етіледі. Ал марқұмның атынан жалған сөз айту, шындықты бұрмалау, адамдарды алдау немесе біреуге рухани зиян келтіру үшін мұндай технологияны пайдалануға шариғат бойынша тыйым салынады.