Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімін екі есеге арттыру жоспарланып отыр

Қазақстанда ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру, егіншілікке заманауи технологияларды енгізу және әр гектардан алынатын өнім көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ведомство мәліметінше, негізгі міндеттер 2024–2028 жылдарға арналған жол картасында белгіленген. Құжатта егіс алқаптарын әртараптандыру, сапалы тұқым пайдалану, минералды тыңайтқыштарды қолдану және ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мәселелеріне басымдық берілген.
Атап айтқанда, шаруаларға экономикалық тұрғыдан тиімділігі жоғары дақылдарды көбірек өсіруге жағдай жасау көзделіп отыр. Министрліктің түсіндіруінше, бұл ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға және өндірістің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Биыл элиталық тұқымдардың үлесі жоспарланған 11,6%-дан асып, 12%-ға жеткен. Министрлік сапалы тұқым қолдану егін өнімділігін арттырып қана қоймай, дақылдардың қолайсыз ауа райына төзімділігін күшейтетінін атап өтті.
Сонымен қатар биыл қазақстандық шаруалар егіс алқаптарына 2,2 млн тонна минералды тыңайтқыш енгізген. Бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 66%-ын құрайды.
Ведомство алдағы уақытта тыңайтқыш қолдану көлемін одан әрі арттыруды жоспарлап отыр. Мұндай шаралар топырақ құнарлылығын сақтауға және егіншіліктің тиімділігін көтеруге бағытталған.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту да негізгі міндеттердің бірі болып қала береді. Биыл машина-трактор паркін жаңарту деңгейі 7%-ға жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 8%-ға жеткізу жоспарланған.
Бұдан бөлек, елімізде су үнемдеу технологияларын қолдану ауқымы кеңейтілмек. Әсіресе климаттың өзгеруі мен су ресурстарына түсетін жүктеменің артуы жағдайында мұндай технологиялардың маңызы зор.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, аталған шаралардың түпкі мақсаты – әр гектардан алынатын өнім көлемін тұрақты арттыру, өндіріс шығындарын азайту және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішкі әрі сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейту.