Қарашада күн 25 градусқа дейін жылынады – Қазгидромет
Қазгидромет мәліметінше, Қазақстанда қараша айы климаттық нормадан жылы болады деп болжанып отыр. Алайда айдың екінші жартысында ауа температурасы күрт өзгеріп, елдің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде түнде 18 градусқа дейін аяз болуы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Қазгидромет» ұсынған болжамға сәйкес, қарашаның алғашқы күндерінде еліміздің басым бөлігінде салыстырмалы түрде жылы ауа райы сақталады. Солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда күндіз ауа температурасы +16 градусқа дейін көтерілсе, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста +25 градусқа дейін жылынады.
Ал батыс өңірлерде, керісінше, ай басынан бастап күн салқындайды.
Қарашаның екінші жартысында күн күрт суытады
Синоптиктердің болжамынша, айдың екінші жартысында Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа температурасы күрт құбылады. Әсіресе солтүстік, шығыс және орталық облыстарда түнгі температура -18 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Мамандар қараша айының жалпы температуралық көрсеткіші климаттық нормадан жоғары болғанымен, жекелеген күндері қатты суық болуы ықтимал екенін ескертеді.
Осылайша, ай басындағы жылы ауа райы қарашаның соңына дейін сақталмауы мүмкін.
Қай өңірлерде жауын-шашын көп болады
Қарашада ел аумағында жаңбыр мен қар жауып, тұман түседі. Сондай-ақ бірқатар өңірде көктайғақ болуы ықтимал. Солтүстік облыстарда боран соғуы мүмкін. Ал жауын-шашынның ең көп мөлшері Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарында күтіледі.
Синоптиктердің болжамы бойынша, қарашада ауа райы құбылмалы болады. Сондықтан айдың орташа температурасы әдеттегіден жоғары болғанымен, тұрғындар күннің күрт суытуына, қар мен көктайғаққа дайын болғаны жөн.