ДДСҰ басшысы Тоқаевтың медицина қызметкерлерін қолдау саясатына ризашылығын білдірді
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Қазақстанда 77 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеру туралы шешімді және алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамытуға бағытталған бастамаларды жоғары бағалады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Қазақстанның денсаулық сақтау саласына және халықтың әл-ауқатын жақсартуға ерекше көңіл бөліп отырғанын жоғары бағалады. Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
ДДСҰ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 77 мың медицина қызметкерінің жалақысын арттыруға қатысты ұстанымын атап өтті. Оның айтуынша, алғашқы медициналық-санитариялық көмекке инвестиция салу, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттіктерін кеңейту және медицина мамандарын қолдау медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.
Тедрос Адханом Гебрейесус Қазақстанның «Баршаға денсаулық» жаһандық тұжырымдамасын қалыптастырудағы рөлін де еске салды. Шамамен 50 жыл бұрын бұл идея Алматы декларациясында көрініс тапқан болатын.
ДДСҰ басшысы 2028 жылы аталған декларацияның қабылданғанына 50 жыл толатынын атап өтіп, Қазақстан құжатта бекітілген қағидаттарды іс жүзінде жүзеге асырудың үлгісін көрсетіп отырғанын айтты.
«Денсаулық сақтау мәселелеріне саяси деңгейде басымдық беру өте маңызды. Өзгелерге үлгі көрсетіп отырғаны үшін Қазақстанға алғыс айтамын!» – деп жазды ол.
Тоқаевтың тапсырмасы
Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік қызметтің 77 мыңнан астам маманының табысы артады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осы бағытта жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін көтеруді тапсырды. Бұл туралы inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Мемлекет басшысы алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесін жаңғыртуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттіктерін кеңейтіп, аталған саланы қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды екенін айтты.
«Үкіметке келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін көтеруді тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Осылайша, медицина қызметкерлерінің жалақысы олардың үздіксіз еңбек өтілінің ұзақтығына қарай өседі.