TOP-2Спорт

«Мемлекет маған миллион да бөлмейді»: жеңіске жеткен Хамитов тағы футболға шүйлікті

Қазақстанның аралас жекпе-жектен шебері Қуат Хамитов Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен ACA 209 турнирінде ресейлік Алексей Махноны нокаутқа түсірді. Жеңістен кейін спортшы Қазақстан футболына бөлінетін қаржыны сынға алып, мемлекеттік қолдаусыз-ақ ел намысын халықаралық аренада қорғап жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жекпе-жек 30 қазанда жартылай орта салмақ дәрежесінде өтті. Хамитов ресейлік қарсыласын екінші раундта нокаутқа түсіріп, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады.

Айта кетейік, айқас алдында екі спортшы әлеуметтік желіде бір-біріне өткір мәлімдемелер жасаған. Хамитов қарсыласын спорттық мансабын аяқтауға мәжбүр ететінін айтса, Махно «Найманға» сабақ беруге уәде еткен. Алайда октагондағы кездесу қазақстандық файтердің жеңісімен аяқталды.

«Футболға миллиардтаған доллар бөлінеді»

Жеңісінен кейін Қуат Хамитов Қазақстандағы футболды қаржыландыру мәселесін көтерді. Спортшының айтуынша, футболға қомақты қаражат бөлінгенімен, ұлттық құраманың халықаралық деңгейдегі нәтижесі көңіл көншітпейді.

«Қазақстан футболға миллиардтаған доллар бөледі. Бірақ олар халықаралық аренада ешқашан жеңіске жеткен емес – олардың формасын ешкім көрген жоқ. Сондықтан бүгін әлемдік аренада Қазақстан ұлттық құрамасының туын көтергім келеді! Мемлекет маған миллиондар, миллиардтар бөлмесе де, тіпті демеушім де жоқ болса да – мен өзімді өзім қалыптастырдым! Бірақ бәрібір бүгін осы форма әлемнің шыңында болсын – футболда болмаса да, ең болмағанда ММА-де», – деді Хамитов.

Осылайша, қазақстандық спортшы футболға бөлінетін қаржы мен жекпе-жек спортындағы жеке жетістіктерді салыстырып, мемлекеттік қолдаусыз да халықаралық деңгейде нәтиже көрсетуге болатынын жеткізді. Сонымен қатар Хамитов ТМД елдеріне үндеу жасап, халықтарды ұлтқа бөлінбей, бір-бірін құрметтеуге шақырды.

«Жақсы адамдар да, жаман адамдар да бар. Егер тату-тәтті өмір сүріп, бір-бірімізді сыйласақ, онда бізде әрқашан бейбітшілік болады. Ал бейбітшілік бар жерде әрқашан даму мен тамаша өмір болады», – деді спортшы.

Хамитов кәсіби мансабындағы 26-жеңісіне жетті

Душанбедегі жеңістен кейін 38 жастағы Қуат Хамитовтың кәсіби аралас жекпе-жектегі көрсеткіші жақсарды. Sherdog платформасындағы мәліметке сәйкес, қазақстандық спортшының еншісінде 26 жеңіс, тоғыз жеңіліс және бір тең нәтиже бар.

Ал оның қарсыласы, 36 жастағы Алексей Махно қатарынан төртінші рет жеңіліске ұшырады. Ресейлік файтердің кәсіби мансабында 27 жеңіс пен 14 жеңіліс тіркелген. Осылайша, Қуат Хамитов ACA 209 турнирінде кезекті жеңісіне қол жеткізіп, жекпе-жектен кейін Қазақстан футболын қаржыландыру мәселесіне қатысты өткір пікір білдірді.

Back to top button