TOP-1Жаңалықтар

«Халықтық құрылысты» бақылайтын мемлекеттік комиссия құрылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға бөлінетін бюджет қаражатының жұмсалуын қадағалайтын мемлекеттік комиссия құруды ұсынды. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшыларымен қатар депутаттар, қоғам белсенділері, еріктілер мен журналистер де кіруі мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Мемлекет басшысы бұл туралы өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Президенттің айтуынша, 28 қазандағы дәстүрлі Жолдауында жарияланған ауқымды бағдарламаның іске асырылуы қоғамдық бақылауда болуы тиіс.

«28 қазан күнгі дәстүрлі Жолдауымда айтқан «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру барысында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын мемлекеттік комиссия құру қажет деп санаймын. Комиссия құрамына бірқатар салалық ведомство басшылары, Құрылтай мен мәслихаттар депутаттары, Халық Кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, белсенділер, волонтерлер, журналистер кіреді», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылайша, Президент мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауға тек жауапты ведомстволарды ғана емес, азаматтық қоғам өкілдерін де тартуды ұсынып отыр.

«Халықтық құрылыс» аясында қандай нысандар салынады

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында «Халықтық құрылыс» атты ауқымды бағдарламаның басталатынын мәлімдеген еді. Бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту көзделген. Атап айтқанда, ауруханалар, мектептер, спорт және мәдениет нысандары салынып, елді мекендерді газбен және таза ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі.

Алғашқы кезекте өңірлерде денсаулық сақтау саласына қатысты 70-ке жуық нысан салу жоспарланған. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық жәрдем станциялары, балаларды оңалту орталықтары және ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған спорт залдары бар. Бұдан бөлек, білім беру, спорт және мәдениет салаларында 50-ге жуық нысанның құрылысы басталмақ.

Бағдарлама тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңғыртуды да қамтиды. Бұл бағытта елді мекендерге газ тарту, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету және инженерлік инфрақұрылымды жақсарту жоспарланып отыр.

Back to top button