TOP-2Геосаясат

Зеленский Путинмен кездесуде жер мәселесін талқылауға дайын – Украина СІМ

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путинмен тікелей кездесіп, соғысты тоқтатуға қатысты ең күрделі мәселелерді, соның ішінде аумақтық дауды талқылауға дайын. Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига Финляндияның Helsingin Sanomat басылымына берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.

Украина Путинге қандай ұсыныс жеткізді

Андрей Сибигадан белгілі болғандай, Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре мен Финляндия президенті Александр Стуббтың Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесуі Киевпен алдын ала келісілген. Әңгімелесудің басты мақсаты – Ресей президентіне Украинаның ұстанымын тікелей жеткізу. Украина тарапы екі негізгі мәселені көтерген. Біріншісі – атысты тоқтату, екіншісі – Владимир Зеленский мен Владимир Путиннің жеке кездесуін ұйымдастыру.

«Біздің бағалауымызша, бұл әңгіме бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы күш-жігерімізді бір қадам алға жылжытты. Біз соғысты аяқтағымыз келеді. Бейбіт келіссөздерді жеделдету үшін барлық байланыс арналарын пайдалануымыз керек», – деді Сибига.

Министрдің айтуынша, Киев екі ел басшысының кездесуіне мүдделі. Украина тарапы мұндай келіссөз соғысты тоқтату жөніндегі дипломатиялық үдеріске жаңа серпін беруі мүмкін деп есептейді.

Сибига Зеленскийдің ең күрделі әрі сезімтал мәселелерді, соның ішінде аумақтық дауды да Путинмен тікелей талқылауға дайын екенін атап өтті.

Киевтің пікірінше, жоғары деңгейдегі кездесуден кейін тараптар арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған нақты қадамдар жасалуы мүмкін. Олардың қатарында тұтқындар алмасу және Ресейге әкетілген украиналық балаларды қайтару мәселелері бар. Украина сыртқы істер министрі келіссөздерді Мәскеу, Беларусь және Солтүстік Кореядан басқа кез келген жерде өткізуге болатынын жеткізді. Соңғы елге қатысты ол нақты емес, болжалды түрде пікір білдірген.

Путинмен телефон арқылы сөйлесу Еуропада дау туғызды

Норвегия мен Финляндия басшыларының Ресей президентімен телефон арқылы сөйлесуі Еуропа ақпарат құралдарында да қызу талқыланды. Бұған дейін Financial Times басылымы Путиннің еуропалық саясаткерлермен әңгімесі жоспарланған уақыттан әлдеқайда ұзаққа созылғанын жазған. Басылым дереккөздерінің мәліметінше, жарты сағатқа жетпейді деп күтілген сөйлесу 90 минутқа жалғасқан.

FT мәліметінше, Ресей президенті Украинадағы соғысты тоқтатудың нақты жолдарын талқылаудың орнына қақтығыстың тарихи себептері туралы ұзақ сөйлеген. Басылым Путиннің орта ғасырлардағы славян тарихына да тоқталғанын хабарлады. Алайда Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре бұл ақпараттың бір бөлігін жоққа шығарды. Verdens Gang басылымының жазуынша, Норвегия тарапы Financial Times редакциясынан материалға түзету енгізуді сұраған.

«Біз Financial Times басылымынан бұл ақпаратты түзетуді сұрадық, өйткені ол шындыққа сәйкес келмейді. Біз бұл әңгімеге өзіміз қатыстық», – деді Стёре.

Дегенмен британдық басылым өз материалының дұрыстығын қорғап, түзету енгізу талабын қабылдамаған.

Норвегия премьер-министрі Ресей басшысымен тікелей сөйлесу туралы шешімін де түсіндірді. Оның айтуынша, Еуропа елдерінің Мәскеумен тікелей саяси байланыс арналары іс жүзінде жоқтың қасы. Сондықтан соғысты тоқтату мүмкіндіктерін талқылау үшін мұндай байланыстарды пайдалану маңызды. Әзірге Путин мен Зеленскийдің кездесуінің нақты күні мен орны жарияланған жоқ. Украина тарапы келіссөзге дайын екенін білдіргенімен, Ресейдің бұл ұсынысқа қандай жауап беретіні белгісіз.

Back to top button