Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының тумалары Астанада жиналып, билікке тағы үндеу жолдады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы.
Олардың айтуынша, күні кеше Маралды ауылында алтын игеріп жатқан компания жарылыс жасап, оның шаңы бүкіл ауылды алып кеткен. Ауылды шаң басқан сәттің видеолары кешелі бері әлеуметтік желілерге тараған еді.
“Біз Маралды ауылының тумаларымыз. Астанаға ауылда кеше болған жарылыс бойынша бас қосып отырмыз. Кеше ауылда болған жарылыстан кейін ауылға түскен шаң адамдардың қан қысымын көтеріп, тұншықтырып, адамдарға үлкен зиян келтірген. Сондықтан, құзырлы органдардың бәріне айтарымыз – бұл бассыздықты тоқтату керек! Кеше әлеуметтік желілерді қарасаңыз, Маралдыны улап, шаңға батыру – не деген бассыздық!? Тоқтау бола ма, болмай ма? Шыдамның да шегі болады. Сондықтан, құзырлы органдардың бәрінің құлағына алтын сырға: осының бәрін тоқтатуды талап етеміз”, – дейді Маралды ауылының тумалары.
Маралдылықтар алда жиналып, министрліктерге хат жазып, шағым түсірмек ниетте.
МАРАЛДЫДАҒЫ АЛТЫН ДАУЫ
Күршім ауданы Маралды ауылында жергілікті халық пен алтын өндіруді көздейтін компания арасындағы дау бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Жергілікті халық мәселені шешу үшін ауылға облыс әкімін де, жауапты министрлерді де шақырған. Алайда ортаңқол шенеуніктердің келгенінен «пайда болмады» деген маралдылықтар бірнеше рет президентке үндеу жолдаған.
Маралдылықтар «алтын шаятын қоспалар экологияны ластап, өзенді былғайды, өндірісті қолданылатын цианид халықтың денсаулығына кері әсер етеді» деп есептейді. Ал компания басшылығы оны жоққа шығарып, жұмысты талапқа сай істейтінін айтады.
Маралды ауылының іргесінде Maralicha және Maralicha-Gold деген тау-кен кәсіпорындары жер қойнауын барлап, «ВСАМ Продакшн» компаниясы сол жерге алтын өндіретін фабрика салуды көздейтіні бұған дейін хабарланған. Ал Азаттық басылымының тілшілері фабрика салатын компания иелерінің бірі, кәсіпкер Айдын Рамазановтың Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен таяуда босаған Даниал Ахметовтің ұлымен бизнес-серіктес екенін анықтаған еді.