Түркияның Ыстамбұл қаласында 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханованың қазасына байланысты акция өтті. «Социалистік әйелдер кеңестері» ұйымының белсенділері оқиғаның мән-жайын толық анықтауды талап етіп, қыздың өлімін суицид деп бағалауға күмән келтірді. Алайда оның өлімі бойынша түпкілікті қорытынды әзірге жарияланған жоқ, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Белсенділер оқиғаны толық тергеуді талап етті
Түркияның ETHA ақпарат агенттігі мәліметінше, Sosyalist Kadın Meclisleri (SKM) ұйымы мүшелері Айсұлу Бекмаханова ажал құшқан көшеге жиналған. Олар әйелдердің күмәнді өлім-жітіміне қатысты оқиғаларды мұқият тексеріп, барлық мән-жайды анықтау қажеттігін мәлімдеді.
Акция барысында «Бұл – суицид емес, кісі өлтіру» деген ұран айтылған. Ұйым белсенділері әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа да қарсылық білдірген. ETHA агенттігі хабарлауынша, акцияға жергілікті тұрғындар да қолдау көрсеткен. Бұл туралы ақпарат 26 қазанда жарияланды.
Сонымен бірге аталған ұран акцияға қатысушылар ұстанымын білдіреді. Қазір Айсұлу Бекмаханованың өлімі бойынша кісі өлтіру немесе суицид болғанын растайтын түпкілікті ресми қорытынды туралы мәлімет жоқ. Оқиғаның нақты себептері Түркияның құзырлы органдары жүргізіп жатқан тергеу барысында анықталуға тиіс.
Айсұлу Бекмаханованың өлімі туралы не белгілі
DHA агенттігі Айсұлу Бекмаханова 25 қазан күні таңертең Ыстамбұлдың Шишли ауданындағы Эргенекон кварталында қаза болды деп ақпарат таратты.
Алдын ала деректер бойынша, қыз алтыншы қабаттағы пәтердің балконынан көршілес ғимарат шатырына өткен. Кейін шатырдың панелі сынып, ол екі ғимарат арасындағы екінші жерасты қабатының деңгейіне құлаған. Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері оның қайтыс болғанын анықтады.
Марқұмның денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін тиісті мекемеге жіберілген.
Оқиғаға байланысты прокуратура тапсырмасымен екі адам ұсталды. Олар – Бекмахановамен бірге тұрған 22 жастағы Ресей азаматы Дарья Б. және түрік БАҚ-тары оның сүйіктісі деп атаған 35 жастағы Мазхар Т.
Алайда DHA агенттігінің 27 қазандағы хабарлауынша, екі адам да сот бақылауымен босатылды. Оларға Түркиядан шығуға тыйым салынған. Тергеу жалғасып жатыр. Агенттік сондай-ақ қайғылы оқиғаға дейінгі Айсұлудың қозғалысы бейнебақылау камераларына түсіп қалғаны туралы мәліметтер жариялаған.
СІМжағдайды бақылауда ұстап отыр
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі отандасымыздың қаза тапқанын растады.
«Курсив» басылымына ведомствоның ресми өкілі Жанболат Үсеновтің хабарлауынша, Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі марқұмның туыстарымен байланыста болып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.
Министрлік мәліметінше, мәселе ведомство бақылауында. Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын Түркияның құзырлы органдары анықтап жатыр.
Қазір тергеудің түпкілікті нәтижесі жарияланған жоқ. Сондықтан Айсұлу Бекмаханованың өліміне қатысты нақты қорытынды жасауға әзірге негіз жоқ.