
Белгілі заңгер Мейірман Шекеев тіл дауына байланысты алматылық әйелдің әрекетін тексеруді сұрап, құқық қорғау органдарына арыз жолдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Сырқаттанып жатқаныма қарамастан, халық шулап жатқандықтан, көмекшілерім арқылы осы істі жедел қолға алуыма тура келді. Іске қатысты айтарымыз: анықталып жатқандай, «Пенка» мейрамханасында жұмыс істеген қызметкердің екі мемлекеттің азаматтығы бар деген ақпараттар бар. Осы мәселелердің анық-қанығын білу үшін, ел мүддесі үшін менің тарапымнан аталған тұлғаның әрекетіне құқықтық баға беру мақсатында тиісті органдарға арыз жолданды. Көбірек бөлісе отырып, пікір қалдырып, қолдай отырыңыздар!” – деді Мейірман Шекеев.
Әңгіме қайдан шықты
Бұған дейін әлемжеліде алматылық кәсіпкер әйелдің жұмыс іздеп келген азаматты мемлекеттік тілде жазғаны үшін қорлап, былапыт сөздер жаудырғанының скриншоттары тарап, үлкен дау туған еді. Бос жұмыс орны бойынша хабарласқан үміткерге жұмыс беруші бірден тілдік негізде шүйліккен. Тараған мәліметке қарағанда, нөмір иесі қоғамдық тамақтану саласында қызмет ететін кәсіпкер болып шықты. Ол үміткердің мемлекеттік тілде жазғанына ашықтан-ашық наразылық танытып, бас тартумен шектелмей, ар-намысына тікелей тиген. «Всякую шваль я не собираюсь брать на работу», «Учи язык», «Езжай в аул к себе и не позорь Алматы», «Позорище», «Кроме своего казахша ни х..я не умеешь», — делінген тараған хабарламаларда.
Былапыт жауап қазақтілді қауымды аяғынан тік тұрғызды. Қоғам белсендісі Диас Кұзайыров Алматының полиция департаментіне арыз жолдап, бұған құқықтық баға беруді және қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап еткен. Енді заңгер Мейірман Шекеевтің атынан құзырлы органдарға арыз жолданып отыр.