$ 451.05 € 504.95 ₽ 5.60 ¥ 67.62 £ 603.05 ₺ 9.07
⛅ +3° Сезіледі 0° Жел 1 м/с Ылғалдылық 85%
Жаңалықтар

Үкімет 102 млрд теңге газ қарызын жыл соңына дейін өтеуді тапсырды

Қазақстанда ірі энергетикалық кәсіпорындар мен тұрғындардың табиғи газ үшін жинақталған берешегі 102 млрд теңгеден асты. Үкімет өңір әкімдіктері мен энергетикалық ұйымдарға қарызды жыл соңына дейін өтеуді тапсырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кеңесте энергия өндіруші кәсіпорындардың газ үшін қордаланған берешегі талқыланды.

Жиында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов газ жеткізушілер алдындағы міндеттемелерін орындамай отырған кәсіпорындар туралы баяндады. Кеңеске қатысушылар тариф саясатын және қарызды өтеудің нақты тетіктерін қарастырды.

«Кеңес қорытындысы бойынша өңірлердің әкімдіктері мен энергетикалық кәсіпорындарға жеткізілген газ үшін берешекті ағымдағы жылдың соңына дейін өтеуді, оның алдағы уақытта жинақталуына жол бермеуді қамтамасыз ету тапсырылды», – делінген Үкімет хабарламасында.

Газға ең көп қарыз кімнің мойнында

Қазақстанда жылу электр орталықтары мен электр станцияларының QazaqGaz Aimaq алдындағы берешегі жыл сайын ұлғайып келеді.

Бұған дейін жарияланған мәліметтерге сәйкес, ірі кәсіпорындар мен тұрғындардың газ үшін төленбеген қарызы 102 млрд теңгеден асқан. Оның 73,7 млрд теңгесі электр станциялары мен коммуналдық кәсіпорындарға тиесілі. Ал халықтың берешегі 30 млрд теңгеге жуықтаған.

Ең ірі борышкер – Маңғыстау облысын электр энергиясымен, жылумен және сумен қамтамасыз ететін «МАЭК» ЖШС. Кәсіпорынның газ үшін жинақталған қарызы 38,6 млрд теңгеге жеткен.

Екінші орында «Жамбыл ГРЭС» АҚ тұр. Оның берешегі 14,3 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын «Таразэнерго-2005» компаниясына тиесілі. Бұған дейін жарияланған мәліметтерде оның түпкі меншік иелері ретінде Forbes тізіміне енген кәсіпкерлер Владимир Сидельковский мен Эршат Салимов аталған.

Үшінші ірі борышкер – «Ақтөбе ЖЭО» АҚ. Жылу электр орталығының газ үшін төлемеген қарызы 6,8 млрд теңгеге жеткен. Кәсіпорынның құрылтайшысы – Inform Sistem компаниясы. Ал түпкі меншік иелері ретінде Қорлан Шәріпбаева мен Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген ORIZZONTE SOLIDO GROUP FZE компаниясы көрсетілген. Қорлан Шәріпбаева – QazaqGaz компаниясының бұрынғы басшысы Қайрат Шәріпбаевтың қызы. Аталған үш кәсіпорынның газ үшін жинақталған берешегінің өзі 59,7 млрд теңгені құрайды.

Үкімет талабы

Үкімет бұл жолы өңір әкімдіктері мен энергия өндіруші ұйымдарға нақты мерзім белгіледі. Олар 2026 жылдың соңына дейін жеткізілген газ үшін жинақталған берешекті өтеп, алдағы уақытта жаңа қарыздың пайда болуына жол бермеуге тиіс.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button