$ 451.05 € 504.95 ₽ 5.60 ¥ 67.62 £ 603.05 ₺ 9.07
☀ +5° Сезіледі +2° Жел 1 м/с Ылғалдылық 74%
Жаңалықтар

Қазақстанда азаматтық істер саны күрт өсті: Президентке есеп берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады. Кездесуде 2026 жылдың тоғыз айындағы сот жүйесінің жұмысы, сот ісін жүргізуді цифрландыру және азаматтардың сотқа деген сенімін арттыру мәселелері талқыланды. Бұл туралы Tizgin.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда азаматтық істер саны 28 пайыздан астам өсті

Асламбек Мерғалиев Президентке биылғы тоғыз айдағы соттардың жұмыс нәтижелері туралы баяндады. Оның мәліметінше, есепті кезеңде еліміздің соттары 24,8 мың қылмыстық істі қараған. Ал азаматтық істер саны өткен кезеңмен салыстырғанда 28,4 пайызға өсіп, 605 мыңнан асқан.

Мұндай өсімге банкроттыққа қатысты талап-арыздардың көбеюі, тұрғын үй және жер дауларының артуы, сондай-ақ шарттық міндеттемелерге байланысты істер санының ұлғаюы әсер еткен. Бұдан бөлек, соттар 29,2 мың әкімшілік істі және әкімшілік құқық бұзушылық туралы 319 мың істі қараған.

Жоғарғы Сот төрағасының айтуынша, дауларды сотқа жеткізбей немесе сот процесі барысында өзара келісім арқылы шешу тәжірибесі де кеңінен қолданылып келеді. Атап айтқанда, даулардың жартысына жуығы медиация және басқа да баламалы татуластыру рәсімдері арқылы реттелген.

Кассациялық соттарға 18 мыңнан астам шағым түскен

Кездесу барысында кассациялық соттардың қызметі де сөз болды. Асламбек Мерғалиевтің мәліметінше, есепті кезеңде кассациялық соттарға 18 мыңнан астам шағым келіп түскен.

Оларды қарау нәтижесінде апелляциялық сатыдағы соттардың өзгертілген немесе түзетілген сот актілерінің саны 934-тен 1 704-ке дейін көбейген. Бұл көрсеткіш шамамен екі есеге жуық өскен. Сонымен қатар, Президентке сот жүйесін кадрлармен қамтамасыз ету және сот ісін жүргізуді цифрландыру бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берілді.

Қазақстандықтардың сотқа деген сенімі артқан

Жоғарғы Сот төрағасы азаматтардың сот жүйесіне деген сенім деңгейінің өскенін де мәлімдеді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, сот жүйесіне толық сенім білдіретін азаматтардың үлесі 2023 жылғы 55,2 пайыздан қазіргі 69,7 пайызға дейін артқан. Осылайша, үш жыл ішінде аталған көрсеткіш 14,5 пайыздық тармаққа өскен.

Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев сот төрелігінің сапасын одан әрі арттыру және сот жүйесін жаңғырту шараларын жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Еске салайық, биыл 8 шілдеде Мемлекет басшысының Жарлығымен Асламбек Мерғалиев Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы лауазымына қайта тағайындалған болатын.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button