Астанада белгісіз екі азамат Есілге құлаған жасөспірімді құтқарды

Астанадағы «Атырау» көпірінен суға құлаған жасөспірім қызды екі ер адам құтқарып қалды. Олар оқиғаны көре салысымен өзенге секіріп, ес-түссіз жатқан қызға қарай жүзіп барған. Бұл туралы Александр Цой әлеуметтік желідегі жазбасында баян етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оның жазуынша, соққыдан кейін қыз есінен танып қалғанымен, біраз уақыт су бетінде болған. Осы сәтті пайдаланған екі ер адам оған жүзіп жетіп, екеулеп көтеріп, жағаға қарай бет алған.
Көп ұзамай оқиға орнына Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері катермен келген. Құтқарушылар қызды катерге алып, алғашқы медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға шұғыл жеткізген.
Құтқарушылар қызды ауруханаға жеткізді
Жасөспірімнің өміріне қазір қауіп төніп тұрған жоқ. Ал оны құтқаруға көмектескен екі азаматтың аты-жөні әзірге белгісіз. Желіде олардың судан шығып келе жатқан сәті түсірілген видео ғана жарияланған.
Александр Цой белгісіз ер адамдарға батылдығы мен жанашырлығы үшін алғыс айтты. «Жігіттер, кім болсаңыздар да, сіздерге бас иемін. Нағыз батырсыздар!» деп жазды ол.