$ 451.05 € 504.95 ₽ 5.60 ¥ 67.62 £ 603.05 ₺ 9.07
☁ +6° Сезіледі +3° Жел 1 м/с Ылғалдылық 73%
Жаңалықтар

Microsoft 60 мың қызметкеріне өтемақы төлеп, жұмыстан өз еркімен кетуді ұсынды

Алпауыт корпорация шамамен 60 мың қызметкеріне қаржылай өтемақы алып, жұмыстан өз еркімен кетуді ұсынды. Бағдарлама АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Үндістандағы компанияның бірқатар бөлімшесі қызметкерлеріне арналған, деп хабарлайды Tizgin.kz businessinsider-ге сілтеме жасап.

Жұмыскерлер саны 200 мың адамнан асады

Соңғы деректерге сәйкес, Microsoft компаниясында шамамен 223 мың адам жұмыс істейді. Демек, жаңа ұсыныс корпорация қызметкерлерінің төрттен бірінен астамына қатысты болуы мүмкін. Алайда бағдарлама барлық қызметкерге бірдей қолжетімді емес, оған қатысу үшін белгілі бір талаптар қойылған.

Ерікті жұмыстан кету бағдарламасы кімдерді қамтиды

Business Insider мәліметінше, бағдарлама Microsoft компаниясының төрт елдегі жекелеген бөлімшелерінде жұмыс істейтін қызметкерлерді қамтиды. Ұсынысты корпоративтік иерархиядағы 70-деңгейге дейінгі қызметкерлер қабылдай алады. Олардың қатарында кейбір жоғары лауазымды басшылар да бар.

Сонымен бірге аталған бағдарлама бірқатар қызметкерге қолданылмайды. Атап айтқанда, сату бөлімдері, кейбір инженерлік команда және корпоративтік бөлімшелерді айта кетуге болады.

Microsoft өкілдері айтуынша, ерікті түрде жұмыстан кету ұсынысы компаниядағы өзгерістерді икемді басқарып, қызметкерлерге алдағы кәсіби жолын өз бетінше таңдауға мүмкіндік беруге бағытталған.

Қызметкерлерге ұсынылатын төлемақы

Business Insider дерегінше, жаңа бағдарлама талаптары Microsoft компаниясында жұмыстан босату кезінде қолданылатын стандартты өтемақы шарттарымен шамалас болады. Төлем мөлшері қызметкердің лауазымы мен еңбек өтіліне байланысты белгіленеді.

Бұған дейін АҚШ-та жүргізілген қысқартулар кезінде Microsoft қызметкерлеріне кемінде 60 күндік жұмыс кезеңіне сәйкес төлем ұсынылған. Осы уақыт ішінде олар компания штатында қала берген. Ал қызметкерлердің басым бөлігі үшін өтемақының ең жоғары мөлшері лауазымы мен еңбек өтіліне қарай негізгі жалақының 39 аптасына дейін жетуі мүмкін болған.

Шешімді қашан қабылдау керек

Бағдарламаға қатысуға құқығы бар қызметкерлер өз шешімін желтоқсан айының басына дейін қабылдауы керек. Ұсынысты қабылдағандар компаниядан жыл соңында кетеді деп жоспарланған.

Microsoft өкілдері осындай бағдарламаны қайта өткізуді әзірге жоспарламайтындарын мәлімдеген.

Айта кетейік, 60 мың адамға ұсыныстың жасалуы олардың барлығы жұмыстан кетеді дегенді білдірмейді. Бұл – белгіленген талаптарға сәйкес келетін қызметкерлердің өтемақы алып, компаниядан өз еркімен кету мүмкіндігі. Бағдарлама нәтижесінде қанша адамның жұмыстан шығатыны қызметкерлердің қабылдайтын шешіміне байланысты болмақ.

Back to top button