$ 451.05 € 504.95 ₽ 5.60 ¥ 67.62 £ 603.05 ₺ 9.07
☁ +6° Сезіледі +3° Жел 1 м/с Ылғалдылық 73%
TOP-2Геосаясат

«Үкімет те, полиция да жоқ»: Трамп қай елді «ең нашар» деп санайтынын айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп Сомали туралы өткір мәлімдеме жасап, оны «әлемдегі ең нашар ел болуы мүмкін» деп сипаттады. Ол бұл сөзін Демократиялық партиядан сайланған конгресс мүшесі Ильхан Омарды сынаған кезде айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Трамп не дейді

Америка президенті 25 қазанда Мичиган штатында жақтастары алдында сөйлеген сөзінде Сомалиде дүниеге келген Ильхан Омарға шүйлікті. Трамп конгресс мүшесінің қызметін сынап, оның туған еліндегі қауіпсіздік мәселесін сөз етті. Мәлімдемені Fox Business телеарнасы таратқан.

«Оның Сомалиден келгенін білесіздер. Бұл – әлемдегі ең нашар ел болуы мүмкін. Онда үкімет те, ештеңе де жоқ. Оларда бар болғаны – кісі өлтіру ғана бар. Олар адамдарды өлтіреді, кемелерге шабуыл жасап, құн талап ету үшін басып алады. Шынымды айтсам, олардың тіпті осыған қабілетті екеніне таңғаламын», – деді Трамп.

АҚШ президенті сөзін жалғастырып, Сомалиде «мемлекет те, үкімет те, полиция да жоқ» деп мәлімдеді.

«Олар жай ғана жүгіріп жүріп, бір-біріне оқ атады», – деді ол.

Сомалидегі саяси ахуал

Сомалиде федералдық үкімет, парламент және қауіпсіздік күштері бар. Елдегі негізгі мәселе – орталық биліктің ықпалы шектеулі болуы, өңірлік әкімшіліктермен келіспеушіліктер және қарулы топтардың әрекеті. Федералдық үкімет пен оған одақтас өңірлік билік елдің оңтүстігі мен орталығындағы ірі қалалардың басым бөлігін бақыласа, олардың айналасындағы ауылдық аумақтардың едәуір бөлігі «Әл-Қаидамен» байланысы бар «Әш-Шабаб» тобының ықпалында қалып отыр.

2026 жылы биліктің өкілеттік мерзімі мен сайлау тәртібіне қатысты дау саяси дағдарысты тереңдетті. Наурызда парламент қабылдаған конституциялық өзгерістер президенттік мерзімді төрт жылдан бес жылға ұзартты. Соның нәтижесінде Хасан Шейх Мохамудтың билікте қалу мерзімі 2027 жылғы мамырға дейін созылды. Оппозиция бұл шешіммен келіспеді. Орталық билік пен Пунтленд, Жубаленд басшылығы арасындағы қайшылықтар да күшейді. Chatham House зерттеу орталығының мәліметінше, саяси текетірес Могадишо мен Байдоа қалаларында қарулы қақтығыстарға ұласқан.

Қауіпсіздікке төнетін негізгі қатерлердің бірі – «Әш-Шабаб». Топ мемлекеттік мекемелерге, әскери нысандарға және бейбіт тұрғындарға шабуыл жасап келеді. Үкімет күштері оған қарсы шетелдік серіктестерінің қолдауымен күрес жүргізіп жатыр. Сомали жағалауында кемелерді басып алу оқиғалары да қайта тіркелген. Алайда қарулы топтар мен қарақшылардың әрекетін бүкіл халыққа телу елдегі жағдайды дәл сипаттамайды.

Саяси тұрақсыздыққа қоса, қуаңшылық, халықтың қоныс аударуы және гуманитарлық көмекті қаржыландырудың азаюы тұрғындардың тұрмысын ауырлатып отыр. Осылайша, Сомалидегі дағдарыс билік үшін күрес, қауіпсіздік мәселесі және әлеуметтік қиындықтар қатар өршіген күрделі жағдайға айналған.

Back to top button