БілімЕрекшеЖаңалықтар

Аймағамбетов мектеп жұмысына «күтпеген» өзгеріс енетінін айтты

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектептерді тексеру – жазалау ма, әлде шынайы бақылау ма деген мәселе көтеріп, бұл бағытта маңызды өзгеріс енгізілетінін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Санэпид қызметкерлері мектепке, балабақшаға келгенде не болады? Асхана жабыла ма, директорға айыппұл салына ма? Қауіпсіздік қалай? Аймағамбетовтің сөзінше, бұл сұрақтар көптеген ата-ананы, мұғалімді, тіпті кәсіпкерлерді де мазалайды. Жылдар бойы қалыптасқан жүйе нақты бақылаудан гөрі формалдылыққа айналып кеткен.

“Бірақ біз мұны өзгертпекпіз. Қарағандыда санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлерімен кездесіп, өзіміздің заңға дайындаған өзгерістерді талқыладық”, – дейді депутат.

Оның сөзінше, жылдар бойы қордаланған проблемалар бар:

  • Тексерулерді алдын ала ескерту қажет;
  • Қызметкерлер өздерімен бірге рұқсат қағаздарын жинауы тиіс;
  • Айыппұлдар мектеп директорларына салынады, тіпті ол бұзушылыққа тікелей қатысы болмаса да;
  • Шынайы бақылау мүмкін емес.

НЕ ӨЗГЕРЕДІ

Депутаттың сөзінше, бақылау “күтпеген” форматқа көшеді – енді алдын ала ескерту болмайды. Бастапқы тексерулерде айыппұл салынбайды– алдымен ескерту, кеңес, ұсыныс беріледі. Мектептер мен лагерьлерде жыл сайын оқу жылы алдында жоспарлы тексеріс жүргізіледі. Қаржылық шығынды талап ететін бұзушылықтар үшін директор емес, әкімдік жауапты болады. Балалардың өміріне қауіп төнген жағдайда – жедел шаралар қолданылады: уақытша жабу, қызметкерді шеттету. Мектеп асханаларының жеткізушілеріне арналған арнайы тізілім енгізіледі, адал емес жеткізушілерге тосқауыл қойылады.

“Балалардың қауіпсіздігі – ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Санэпидбақылау – бұл жай тексеру емес, ел болашағын – балаларымызды қорғаудың маңызды құралы” дейді ол.

Back to top button