$ 451.05 € 504.95 ₽ 5.60 ¥ 67.62 £ 603.05 ₺ 9.07
☁ +4° Сезіледі +1° Жел 2 м/с Ылғалдылық 94%
Жаңалықтар

Павлодарда шала туған сәбидің ортан жілігі сынған: дәрігерлер не дейді

Павлодар облысының перинатал орталығында шала туған нәрестенің ортан жілігі сынған. Сәбидің туыстары Денсаулық сақтау министрлігінен тексеру жүргізуді талап етіп отыр. Ал орталық өкілдері мұндай жарақат шала туған балаларда сүйек тінінің әлсіздігі себеп болуы мүмкін деп мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz жергілікті «Наша жизнь» басылымына сілтеме жасап.

Нәресте тамыз айында небәрі 600 грамм салмақпен дүниеге келген. Туыстарының айтуынша, 23 қазанда дәрігерлер ата-анасына баланың ортан жілігі құрысу кезінде сынғанын хабарлаған. Бұл түсініктемеге күмән келтірген жақындары әлеуметтік желі арқылы Денсаулық сақтау министрлігіне жүгініп, тексеру жүргізуге шақырды. Олар медицина қызметкерлерінен жеткілікті түсініктеме ала алмағанын да жазған.

«Мұндай жағдай болуы мүмкін бе? Қызметкерлер түсініктеме бермейді. Баланың жағдайын дәлел ретінде түсіріп алу үшін жансақтау бөліміне ұялы телефон алып кіруге рұқсат етпейді», – деп жазды туыстары.

Орталық сүйек тінінің әлсіздігін ықтимал себеп ретінде атады

Перинаталдық орталық өкілдерінің түсіндіруінше, сәби дене салмағы өте төмен болып туған. Мұндай нәрестелерді күтіп-бағу және жетілдіру – күрделі әрі ұзаққа созылатын процесс. Орталық ықтимал асқынулардың бірі ретінде шала туған нәрестелердің остеопениясын атады. Бұл жағдайда сүйек тінінің минералдануы төмендейді. Мекеме мәліметінше, мұндай асқыну 30–55 пайыз жағдайда кездеседі және аяқ-қолдың қалыпты қимылының өзінде сүйектің өздігінен сынуына әкелуі мүмкін.

Дегенмен орталықтың түсініктемесінде осы нәрестеге остеопения диагнозы қойылғаны немесе сынудың нақты себебі түпкілікті анықталғаны нақтыланбаған. Дәрігерлер рентген суретінде сынған жерде сүйектің біте бастағанын көрсететін алғашқы сүйек сүйелі байқалатынын жеткізді.

«Рентген суреті бойынша алғашқы сүйек сүйелі қалыптасқан. Яғни сынған жердегі сүйек тіні тұрақтанған. Қазір арнайы ем қажет емес», – деп мәлімдеді орталық.

Мекеме мәліметінше, қазір нәрестенің жағдайы тұрақты.

Back to top button