Қостанайда жаңа стадион ашылып, Жекпе-жек сарайының құрылысы басталды

Қостанайда Республика күні көпфункционалды стадион ашылып, Жастар сарайының алдындағы алаңда 45 метрлік тұғырға Мемлекеттік ту көтерілді. Мереке қарсаңында қалада Инклюзивті спорт орталығының іргетасы қаланып, Жекпе-жек сарайының құрылысы да басталды, деп хабарлайды Tizgin.kz Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа стадион тұрғындар мен әуесқой командаларға арналған
Қостанайдағы мерекелік шаралар Жастар сарайының алдындағы алаңда Мемлекеттік туды салтанатты түрде көтеруден басталды. Ту тұғырының биіктігі – 45 метр, ал тудың өлшемі – 5×10 метр.
Сол күні Триатлон саябағында көпфункционалды стадион пайдалануға берілді. Аумағы 2,9 гектар болатын нысанда жасанды жабындысы бар футбол алаңы, жалпы мың орындық екі трибуна, ұзындығы 400 метрлік жүгіру жолдары, баскетбол және волейбол алаңдары жабдықталған.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, Қостанайда 11 мыңнан астам тұрғын футболмен айналысады. Жаңа стадионда әуесқой командалар жаттығып, жарыстар өткізе алады. Сондай-ақ мұнда жеңіл атлеттер мен денсаулығын нығайту үшін жүгіретін тұрғындарға жағдай жасалған.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмысы жалғасатынын айтты.

«Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға және заманауи спорт инфрақұрылымын құруға ерекше көңіл бөледі. 2023 жылдан бері Қостанай облысында 40-тан астам спорт нысаны салынды. Тұрғындардың спортпен айналысуына, ал спортшылардың дайындалып, жоғары нәтижелерге жетуіне жағдай жасау үшін бұл жұмысты жалғастырамыз», – деді әкім.
Инклюзивті спорт орталығы мен Жекпе-жек сарайы салынады
Республика күні қарсаңында Қостанайда болашақ Инклюзивті спорт орталығының іргетасына алғашқы тас қаланды. Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылады.
Жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат аумақты абаттандыруға және көгалдандыруға, инженерлік желілер тартуға, көлік кіретін жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарын, сондай-ақ автотұрақты салуға жұмсалады.
Орталық ғимаратының ауданы 2517 шаршы метр, ал аумағы 1,4 гектар болады. Жүз орынға есептелген нысанда есту қабілеті бұзылған спортшыларға арналған футзал мен бадминтон, отырып ойнайтын волейбол, парапауэрлифтинг, арбамен би билеу және үстел теннисімен айналысуға жағдай жасалады. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Салтанатты рәсімге арбамен парабиден Қазақстанның спорт шебері Аруна Жақсағұлова мен 2018 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының парашаңғы жарысынан чемпионы Александр Колядин қатысты.
«Қазақстан халқына» қоры басқармасының төрағасы Ләззат Шыңғысбаева жаңа орталық спортшылардың мүмкіндігін кеңейтетінін атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қостанайда Инклюзивті спорт орталығының құрылысы басталады. Осы айтулы оқиғаға үлес қосып отырғанымызға қуаныштымыз. Жаңа орталық спортшылардың әлеуетін ашуға көмектесіп, жаттығу мен жарыстарға қатысу үшін жаңа мүмкіндіктер беретініне сенімдімін», – деді ол.
Әкімдік дерегінше, Қостанай облысында мүгедектігі бар 30 мыңға жуық адам тұрады. Оның 12,7 мыңының дене шынықтырумен және спортпен айналысуына медициналық қарсы көрсетілімі жоқ.
Қалада Жекпе-жек сарайының құрылысы да басталды. Ауданы 5,6 мың шаршы метр болатын үш қабатты кешенде жаттығу залдары, үш күрес кілемі төселетін жарыс залы және көркем гимнастика залы қарастырылған.

Кешен бір ауысымда 100-ден астам спортшыны қабылдай алады. Онда республикалық және халықаралық жарыстар, сондай-ақ ұлттық құрамалардың оқу-жаттығу жиындарын өткізу жоспарланып отыр. Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2023 жылдан бері өңірде 40-тан астам спорт нысаны салынған. Олардың қатарында 19 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, сегіз спорт залы, алты жабық хоккей корты, екі стадион, ат спорты манежі мен бассейн бар. Қазір өңірде Үстел теннисі орталығының, Тобыл қаласындағы Спорт сарайының, сондай-ақ Арқалықтағы жабық хоккей корты мен екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасып жатыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram