Атырауда әйелдер дәретханасына кіріп, келушілерді сығалады деген күдікпен жігіт ұсталды

Атыраудағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде әйелдер дәретханасына кіріп, келушілерді жасырын бақылап, телефонға түсірді деген күдікпен жас жігіт ұсталды, деп хабарлайды Tizgin.kz «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Оқиға қалай болған
Басылым мәліметінше, дәретханадағы әйелдердің бірі кездейсоқ басын көтерген сәтте көрші кабинаның үстінен өзіне қарап тұрған жас жігітті байқап қалған. Мұндай әрекетке ашуланған әйел бірден шу шығарып, жігіттен сыртқа шығуын талап еткен. Алайда ол әйелдер дәретханасында не істеп жүргенін түсіндірудің орнына кабинаның есігін ішінен жауып алған.
Дауыс көтерген әйелдің жанына басқа келушілер де жиналған. Олар да жігіттен есікті ашып, сыртқа шығуын талап еткенімен, ол көнбеген. Ақыры оқиға орнына сауда орталығының күзет қызметкері шақырылған. Күзетші жігітті кабинадан шығарып, ашуға булыққан әйелдердің арасымен дәлізге алып кеткен.
Оқиға орнында түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде жарияланған.
Полиция жігітті қамауға алды
Оқиға куәгерлері жігіттің әйелдерді сығалап қана қоймай, оларды ұялы телефонына жасырын түсіргенін де алға тартады. Келушілердің бірі оның телефонындағы фотосуреттер арасынан дәретханада түсірілген кадрлар табылғанын мәлімдеген.
Алайда бұл ақпаратты құқық қорғау органдары әзірге ресми түрде растаған жоқ. Жігіттің өзі әйелдердің айыптауларын жоққа шығарып, олардан дәлел көрсетуді талап еткен.
Атырау облыстық полиция департаменті «Ақ Жайық» басылымына жас жігіттің ұсталып, әкімшілік тәртіппен ұсталғандарға арналған камераға қамалғанын хабарлады. Оған қатысты ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік іс қозғалған.