Қостанайда автобуспен соқтығысқан жеңіл көлік жүргізушісі қаза тапты
Қостанайда Volkswagen Passat пен №10 бағыттағы маршруттық автобус соқтығысып, жеңіл көлік жүргізушісі қаза тапты. Оның жолаушысы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жүргізуші полиция талабына бағынбаған
«Наша газета» басылымының мәліметінше, жол апаты жексенбі кешке Назарбаев даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысында болған.
Қостанай қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны взводының командирі Айдарбек Әлсеитовтің айтуынша, жеңіл көлік жүргізушісі полицейлердің тоқтау туралы талабын елемей, қозғалысын жалғастырған. Кейін ол қиылыста бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтіп, автобуспен соқтығысқан.
Автобуста 55 жолаушы болған
Volkswagen жүргізушісі оқиға орнында қаза тапқан. Көлікте болған жолаушы ауруханаға жатқызылды.
Апат кезінде автобуста 55 адам болған. Олардың екеуіне медициналық көмек оқиға орнында көрсетілді.