Атыраудағы уақытша түрмеде бүлік болды: комитет не дейді
Атыраудағы тергеу изоляторында сотты бес адам тұтқындарды ұстау режиміне қарсылық білдіріп, өздеріне жарақат салуға әрекеттенген, деп жазады Ақжайық.
Наразылық неден басталды
Бұған дейін «Ақ Жайық» басылымы 23 қазанда Атыраудағы тергеу изоляторында қамаудағылардың ұстау жағдайына наразылық білдіргенін хабарлаған. Басылым дереккөздерінің айтуынша, олар карантин блогындағы адамдарды басқа жерге ауыстыруды талап еткен. Мекеме әкімшілігі бұл талапты орындамағаннан кейін жағдай ушыққан. Кейбір қамаудағылар өзіне жарақат салып, бірнеше адамға медициналық көмек қажет болғаны айтылған.
Сондай-ақ басылым оқиғадан кейін мекеме ішіндегі қозғалысқа қойылған шектеулер күшейтіліп, тергеу изоляторына прокуратура, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері барғанын жазған. Карантин блогына қатысты талап пен аталған ведомство өкілдерінің барғаны туралы мәліметтер комитеттің кейінгі түсініктемесінде нақтыланбаған.
Қылмыстық іс қозғалды
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Ulysmedia.kz порталына берген жауабында оқиғаға ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталған бес адамның қатысқанын мәлім еткен. Ведомствоның хабарлауынша, олар белгіленген ұстау режиміне қарсылық білдірген.
«Олар бейнебақылау камераларын жауып, өздеріне дене жарақатын салуға әрекеттенген. Өздеріне салған жарақаттарының елеусіз екені тіркелді. Мекеме әкімшілігі дереу жедел медициналық жәрдем бригадасын шақырды. Көмекке мұқтаж адамдардың барлығына қажетті медициналық көмек көрсетілді. Ауруханаға жатқызу қажет болған жоқ, сотталғандардың денсаулық жағдайы тұрақты», – деп хабарлады комитет.
Осылайша, ведомство оқиғаға қатысқандардың ауруханаға жеткізілгені туралы бастапқы ақпаратты растаған жоқ. Топтасып бағынбауды ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Комитеттің мәліметінше, қазір мекемедегі жағдай тұрақты.