«Диплом сатылады»: құқық қорғау органдары күмәнді 46 жарнаманың иелерін іздеп жатыр
Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ақерке Абылайхан «диплом сатылады» деген жалған жарнамалармен күрес жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы.
«Сайттар сондай жарнама береді. Аккаунттардың көбі Қазақстан аумағында тіркелмегені де анықталып жатыр. Сол сайттарды бұғаттау үшін айына бір рет мониториң жүргізіп, ішкі істер органдарына «осындай сайттар жалған жарнама беріп жатыр» деп ақпарат беріп отырмыз. Өткен айда да болды. Бірнеше университеттің дипломын жеке мәліметтерімен қосып жариялап қойған. 46 фактіні біз ішкі істер органдарына жолдадық», – дейді ол.
Ақерке Абылайханның сөзінше, құқық қорғау органдарына осы фактілерді министрлік беріп отыр.
«Бұл мәселе бойынша арнайы бап бар (алаяқтық). Сондықтан, бұл жерде құқық қорғау органдарынан жауап күтіп отырмыз. Бүгінге дейін берілген 305 млн диплом цифрландырылды», – деді ол.