$ 451.05 € 504.95 ₽ 5.60 ¥ 67.62 £ 603.05 ₺ 9.07
☀ +1° Сезіледі -4° Жел 2 м/с Ылғалдылық 63%
Жаңалықтар

«Жүрегі екі рет тоқтаған»: Павлодарда тіс емдетуге барған 3 жасар қыз комаға түсті

Павлодарда стоматологиялық ем қабылдаған үш жасар қыз комаға түсті. Бүлдіршіннің жағдайы өте ауыр, қазір ол облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл ақпаратты Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы растады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Баланың тыныс алуы бұзылған»

Әлеуметтік желіде бүлдіршіннің туысы оқиғаның 21 қазанда Павлодар қаласындағы Лермонтов көшесі, 100/2 мекенжайында орналасқан стоматологиялық емханада болғанын мәлімдеді. Әйелдің айтуынша, тіс емдеу кезінде баланың жағдайы кенеттен нашарлаған. Қыздың көзі аларып, тыныс алуы бұзылған. Туысының сөзінше, стоматолог емдеу шарасын тоқтатпаған.

«Баланың көзі аларып, тыныс алуы бұзылды. Сол сәтте стоматолог емдеуді тоқтатпай, жұмысын жалғастыра берген. Анасы баласының жағдайы дұрыс емес екенін айтып, дабыл қаққан. Кабинетте шұғыл медициналық көмек көрсетуге қажетті жағдай болмаған», – деп жазды әйел.

Оның мәлімдеуінше, баланың анасы бірнеше рет жедел жәрдем шақыруды сұрағанымен, өтінішіне бірден назар аударылмаған. Кейін көрші кабинеттегі медбике жедел жәрдем шақырған. Туысының айтуынша, осы аралықта бүлдіршін есінен танып, аузынан көбік шыққан. Әйел стоматологтың балаға алғашқы медициналық көмек көрсетпегенін алға тартты. Сондай-ақ, ол қызға нақты қандай ем жүргізілгені және қандай дәрілік препараттар қолданылғаны әзірге белгісіз екенін жеткізді. Әйелдің сөзінше, жедел жәрдем көлігінде баланың жүрегі тоқтаған. Кейін облыстық балалар ауруханасында жүрек қызметі екінші рет тоқтаған.

«Қазір бала үшінші тәулік қатарынан облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде ес-түссіз, комада жатыр. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Реаниматолог дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы өте ауыр», – деп жазды бүлдіршіннің туысы.

Стоматологиялық емхана не дейді

Оқиғаға қатысты стоматологиялық емхана өкілдері әлеуметтік желідегі жазбаға түсініктеме берді. Медициналық мекеме барлық емдеу шаралары қолданыстағы медициналық хаттамаларға сәйкес жүргізілетінін мәлімдеді. Емхана өкілдерінің айтуынша, болған жағдайдың нақты себептері мен мән-жайын анықтау үшін ресми тексеріс жүргізіліп жатыр.

«Оқиғаға қатысты барлық мән-жайды және оның себептерін объективті анықтау мақсатында ресми тексеріс жүргізілуде. Тексеріс аяқталғанға дейін клиника қызметкерлерінің кінәсі туралы қандай да бір қорытынды жасауға әлі ерте», – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ, мекеме Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 273-бабына сәйкес пациенттің медициналық және жеке деректерін жариялауға құқығы жоқ екенін түсіндірді. Осы себепті емхана баланың қандай ем қабылдағаны туралы ақпаратты көпшілікке жариялай алмайтынын мәлімдеді. Мекеме өкілдері жағдайдың анықталуына мүдделі екенін және уәкілетті органдар жүргізетін тексеріс нәтижелеріне сүйену қажеттігін атап өтті.

Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеме жасады

Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы үш жасар қыздың жансақтау бөлімінде жатқанын ресми түрде растады. Ведомствоның хабарлауынша, 2023 жылы туған бүлдіршін 21 қазанда сағат 15:45-те жедел медициналық жәрдем бригадасымен Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Жағдайының аса ауыр болуына байланысты бала қабылдау бөлімінен өткізілмей, бірден жансақтау бөліміне жатқызылған.

«Қыз бала өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер қарқынды терапия жүргізіп жатыр. Сонымен қатар емдеудің алдағы тактикасын келісу мақсатында Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығы және Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының мамандарымен кеңес өткізілуде», – деп хабарлады басқарма.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері күн сайын түрлі сала мамандарының қатысуымен консилиум өткізіп, бүлдіршіннің жағдайын және жүргізіліп жатқан емнің тиімділігін бағалап жатыр.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары тексеруде. Тексеріс қорытындысы бойынша болған жағдайға құқықтық баға беріледі. оқысӘзірге баланың жағдайының күрт нашарлауына нақты не себеп болғаны және медициналық көмек көрсету барысында қандай да бір заңбұзушылыққа жол берілгені ресми түрде анықталған жоқ.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button