Жұмбақ өлім: Атырауда департамент басшысының денесі пәтерінен екі аптадан соң табылды

Атырау облысы бойынша Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Бауыржан Асаиновтың мәйіті пәтерінен табылған. «Ақ Жайық» басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап, оны 18 қазанда өзі тұрған үйден тапқанын хабарлады.
Асаиновтың қазасын әріптестері де растаған. Ведомствоның ресми парақшасында жарияланған көңіл айту жазбасында оның мемлекеттік қызметтегі көпжылдық еңбегі аталып, жақындарына көңіл айтылған. Асаиновтың департамент басшысы болғаны мемлекеттік органның ресми сайтындағы мәліметте де көрсетілген.
«Ақ Жайық» дереккөздерінің мәліметінше, мәйіт табылған кезде оның пәтерде жатқанына шамамен екі апта болған. Басылым үйге жылу берілгенін, бұл мәйіттің өзгеру үдерісін жылдамдатып, өлім себебін анықтауды қиындатуы мүмкін екенін жазады. Бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Өлім себебі ресми түрде жарияланған жоқ
Басылым дереккөздері Асаинов пен оның ағасы арасында жанжал болуы мүмкін екенін де хабарлаған. Алдын ала мәлімет бойынша, екеуі бірге ішімдік ішкеннен кейін сөзге келіп қалған. Ағасы Асаиновты ұрып, ол тірі кезде пәтерден шығып кеткен деген болжам айтылған.
Алайда жанжалдың болғаны, оған ағасының қатысы және осы оқиғаның Асаиновтың өліміне ықтимал байланысы ресми түрде расталмаған. Дереккөздер мәлімет берген кезде марқұмның ағасының қайда екені белгісіз болған. Өлімнің себебі де әзірге жарияланған жоқ.
Бауыржан Асаинов департаментті 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап басқарған. Бұған дейін прокуратура органдарында, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде жұмыс істеп, Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ішкі қауіпсіздік басқармасын басқарған.