Жаңалықтар

Трамп Ресей-Украина соғысын тоқтатуға жақын екенін мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға жақын екенін мәлімдеді. Ол бұл туралы 23 қазанда Флорида штатындағы Форт-Майерс қаласында өткен сайлауалды митингіде айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Біз Ресей-Украина апатын аяқтауға жақынбыз деп үміттенемін. Мұны аяқтаймыз деп үміттенемін», – деді Трамп. Ол соғыста ай сайын орта есеппен 25 мың әскери қызметші қаза табатынын айтып, қақтығысты тоқтату қажеттігін жеткізді. 

Уиткофф әуелі Зеленскиймен, кейін Путинмен кездесті

Трамптың бұл мәлімдемесінің алдында АҚШ арнайы өкілі Стив Уиткофф Украина және Ресей басшыларымен келіссөз жүргізген еді. 20 қазанда Норвегияның Осло қаласында Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер Украина президенті Владимир Зеленскиймен, сондай-ақ Норвегия мен Финляндия басшыларымен және Еуропа мен НАТО өкілдерімен кездесті. Тараптар Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктерін, соғыстан кейінгі экономикалық жоспарды және Еуропаның қауіпсіздік жүйесін талқылады. 

Одан кейін, 21 қазанда Уиткофф Ресей президенті Владимир Путинмен Мәскеуде емес, Санкт-Петербургте кездесті. Кездесу шамамен үш сағатқа созылды. АҚШ тарапының өкілі Ресей, Украина және АҚШ делегацияларының техникалық деңгейдегі үшжақты кездесуін өткізуді ұсынған. Путин бұл ұсынысты қолдағанын Ресей президентінің сыртқы саясат жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді. 

Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, үш елдің келіссөз топтары қарашаның бірінші жартысында Абу-Дабиде кездесуі мүмкін. Киев жалпы атысты тоқтату мәселесін талқылауға дайын. Егер Мәскеу кең ауқымды келісімге келуге дайын болмаса, энергетикалық нысандар немесе теңіздегі операциялар бойынша ішінара келісім жасауға да болады. Ал аумақ мәселесін Зеленский мемлекет басшылары деңгейінде талқылау қажет екенін айтты. 

Әзірге Абу-Дабидегі кездесу – келіссөз жүргізу жоспары. Соғысты тоқтату туралы келісім жасалған жоқ: тараптардың талқылайтын мәселелері бар, ал Зеленский кез келген бейбіт келісім Украина үшін берік қауіпсіздік кепілдіктерін қамтуы керек екенін атап өтті. 

Back to top button