Республика күні қарсаңында атом саласының қызметкерлері марапатталды

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев атом саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерге мемлекеттік наградалар мен ведомстволық марапаттар табыс етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Салтанатты рәсімде Агенттік төрағасы марапат иелерін мерекемен құттықтап, олардың кәсібилігі мен адал еңбегінің маңызын атап өтті.

«Еліміздің дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген әрқайсыңыздың еңбектеріңіз зор құрметке лайық. Биыл атом саласы үшін маңызды міндеттер мен жаңа бастамаларға толы кезең болды. Алға қойған мақсаттарға сіздердің кәсібиліктеріңіз бен бірлескен еңбектеріңіздің арқасында қол жеткізіп келеміз. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық, еңбектеріңізге табыс тілеймін!» – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Салтанатты рәсімге ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС және Ядролық физика институтының қызметкерлері қатысты.

«Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен:
«Ядролық физика институты» РМК Радиохимия және изотоптар өндірісі ғылыми-техникалық орталығының сапаны қамтамасыз ету тобының жетекшісі – Зоя Владимировна Медведева;
«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры – Жандос Турысбекұлы Ерболғанов;
ҚР «Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас инженерінің орынбасары – Денис Борисович Зарва;
ҚР «Ұлттық ядролық орталығы» РМК «Байкал» филиалының директоры – Анатолий Николаевич Ворожейкин марапатталды.

«Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Радиоактивті қалдықтар және қоршаған ортаны қорғау департаментінің бас консультанты – Гаухар Кенебайқызы Сапарбаева марапатталды.
«Қаржы саласының үздігі» төсбелгісімен ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Бюджет және қаржылық рәсімдер департаментінің директоры —Жаслан Серікұлы Абдрахманов пен осы департаменттің бас консультанты —Бақытжан Ермұханбетұлы Сәлемов марапатталды.