Доллар арзандаса да, шетелдік тауар неге арзандамайды – ҰБ төрағасының жауабы
Қазақстанда доллар бағамы төмендеп, теңге нығайғанымен, шетелден әкелінетін тауарлардың бағасы айтарлықтай арзандаған жоқ. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұның себебін түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Tizgin.kz тілшісі Ұлттық банк басшысына доллар бағамының төмендеуі неліктен импорттық тауарлардың бағасына айтарлықтай әсер етпей отырғанын сұрады.
«Кәсіпкерлер бағаны түсіруге асықпайды»
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, мұның негізгі себептерінің бірі тұтынушылардың психологиясына байланысты болып отыр. Сөзінше, тауар қымбаттағаннан кейін оның бағасын қайта төмендету оңай емес.
«Оның себебі психологияда жатыр. Өйткені бағалар көтерілген сайын оларды төмендету өте қиын. Мәселен, бағалар жоғары болса да, тауарға сұраныс тұрақты. Сондықтан кәсіпкерлер бағаны түсірмейді. Ол түсінікті. Тұтынушылар тауарын сатып алып жатыр. Неліктен бағаны төмендетем деп ойлайды», – деді Тимур Сүлейменов.
Импорт бағасы небәрі 3% төмендеген
Ұлттық банк төрағасы валюта бағамындағы өзгерістердің импорттық тауарлар құнына әсері туралы статистикалық мәліметтерді де келтірді. Оның айтуынша, теңге долларға қатысты 13 пайызға, ал рубльге қатысты 20 пайызға нығайған. Алайда импорттық тауарлардың бағасы небәрі 3 пайызға төмендеген.
«Статистикаға қарасақ, импортталған тауарлардың бағасы 3 пайызға төмендеді. Долларға қарсы 13 пайызға күшейдік, рубльге қарсы 20 пайызға күшейдік. Бірақ оның әсері ішкі бағаларға толық жетпейді. Баға 3 пайызға төмендеді, алайда 20 пайызға арзандауын күтудің қажеті жоқ», – деді Ұлттық банк басшысы.
Сондай-ақ Тимур Сүлейменов алдағы уақытта доллардың күрт қымбаттап кетуіне негіз жоқ екенін де жеткізді.