Ринат Зайыт жаңа қызметке тағайындалды
Айтыскер ақын, бұрынғы Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы қызметіне тағайындалды. Ол бұл қызметке Маңғыстаудағы 14 сарбаздың қазасынан кейін, қазан айының басында келген. Бұл туралы Ринат Зайыт Adal ADAM YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
«Осы қазан айының басында жаңа Қорғаныс министрінің шақыртуымен Қорғаныс министрлігіне қарасты Ұлттық әскери-патриоттық орталыққа келдім. Бұл орталыққа әскери ансамбль, оркестр, патриоттық және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстары кіреді. Жалпы, әскердегі және әскерге дейінгі жастардың патриоттық санасын, Отанға деген сүйіспеншілігін арттырумен айналысады», – деді ол.
Ринат Зайыттың айтуынша, жаңа қызметке келуіне қорғаныс саласында басталған реформалар да әсер еткен.
«Соңғы жағдайлардан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс саласында түбегейлі өзгерістер жасауды тапсырды. Бұл реформалар басталды. Мен өзім жаңа өзгерістерге қатысқанды жақсы көретін адаммын. Сондықтан бұл қызметке қуана-қуана келдім. Сол реформаның кішкентай болса да бір бөлшегіне атсалыссам деген арманмен келдім», – деді Ринат Зайыт.