$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52
ЖаңалықтарСпорт

60 жастағы қазақстандық спортшы Азия Пара ойындарында тағы да топ жарды

Қазақстанның паражүзуден ұлттық құрамасы Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында күміс жүлдеге ие болды. Жүлдегерлер қатарында 60 жастағы әйгілі паражүзуші, Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина да бар, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақстандық паражүзушілер екінші орын алды

22 қазанда Айчи–Нагоя Азия Пара ойындарында 4×50 метрге еркін стильде жүзуден аралас эстафета өтті. Қазақстан құрамасының намысын Наталья Звягинцева, Айсұлтан Күлкеев, Сиязбек Далиев және Зүлфия Ғабидуллина қорғады.

Ұлттық құрама қашықтықты 2 минут 48,99 секундта жүзіп өтіп, мәреге екінші болып жетті. Алтын медальді 2 минут 25,22 секунд нәтижемен Қытай құрамасы жеңіп алды. Ал Филиппин спортшылары 2 минут 54,64 секунд көрсеткішпен қола жүлдені иеленді. Осылайша, қазақстандық паражүзушілер ел қоржынына тағы бір күміс медаль салды.

Зүлфия Ғабидуллина спорттағы жолын 1990 жылы бастаған

60 жастағы Зүлфия Ғабидуллина – Қазақстандағы ең танымал параспортшылардың бірі.

Ол спортпен 1990 жылы айналыса бастаған. Бір жылдан кейін мүгедектер арбасымен жарысудан өткен алғашқы президенттік сайысқа қатысып, төрт алтын медаль жеңіп алған. 1994 жылы жеңіл атлетика мен жүзуден өткен жарыстарда сегіз мәрте бірінші орын иеленген.

Кейін халықаралық додаларда да жоғары нәтижелер көрсетті. Әлем чемпионаттарында жеті медаль жеңіп алды. Олардың қатарында:

  • 2013 жылы Монреальда өткен әлем чемпионатының бір күміс және екі қола медалі;
  • 2015 жылы Глазгода өткен әлем чемпионатының екі қола медалі;
  • 2017 жылы Мехикода өткен әлем чемпионатының бір алтын және бір күміс медалі бар.

Сонымен қатар, 2018 жылы Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия Пара ойындарында төрт жүлде иеленді. Атап айтқанда, 100 метрге еркін стильде жүзуден алтын, 50 метрге арқамен және еркін стильде жүзуден екі күміс, 200 метрге еркін стильде жүзуден қола медаль алды.

Қазақстанға тарихи алтын әкелген спортшы

Зүлфия Ғабидуллинаның спорттық мансабындағы ең үлкен жетістігі – 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Паралимпиада ойындарындағы жеңісі. Ол S3 санатында 100 метрге еркін стильде жүзуден қарсыластарын басып озып, алтын медаль жеңіп алды. Бұл Қазақстан тарихындағы жазғы Паралимпиада ойындарының алғашқы алтын жүлдесі болды.

2024 жылы Парижде өткен Паралимпиада ойындарында да қазақстандық спортшы финалға шықты. Ол S4 санатында 50 метрге еркін стильде жүзуден 43,75 секунд нәтиже көрсетіп, жетінші орынға тұрақтады. Ал 2026 жылғы Азия Пара ойындарында 60 жасында тағы бір күміс медаль иеленіп, халықаралық жарыстардағы жетістіктерін толықтырды.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button