$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52
Жаңалықтар

«13 жаста отау иесі»: уролог-андролог бұл сөздің мәнін түсіндірді

Ер адамның бала сүйе алу мүмкіндігі жас ұлғайған сайын қалай өзгереді? Ұл балалардың жыныстық жетілуі қай жастан басталады және әйелдердің бала көтеру мүмкіндігіне жас ерекшелігі қалай әсер етеді? Бұл сұрақтарға андролог-уролог Азамат Сандыбайұлы MedRoom подкастында жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«13 жаста отау иесі» деген сөз нені білдіреді?

Маманның айтуынша, қазақ халқының «13 жаста отау иесі» деген сөзінің физиологиялық негізі бар, өйткені ұл балалардың жыныстық жетілу кезеңінде ағзасында бірқатар өзгеріс болып, ұрпақ өрбіту жүйесі қалыптаса бастайды.

«Қазақ халқы «13 жаста отау иесі» деп өте дұрыс айтқан. Бала 13 жаста әйелді ұрықтандыра алатын жасқа енеді, бірақ 12–13 жастан бастап өтпелі кезең басталады. Бұл кезеңде аталық без ұлғайып, сперматозоидтар өндіріле бастайды. Ер бала балалық шақтан жігіттік шаққа осы кезеңде өтеді», – деді дәрігер.

Маман бұл сөзді 13 жастағы бала отбасын құруға немесе әке болуға дайын деген мағынада түсінбеу керектігін атап өтті. Оның түсіндіруінше, жыныстық жетілу – адамның физиологиялық дамуындағы табиғи кезең. Ал отбасын құруға және бала тәрбиелеуге дайын болу физиологиялық өзгерістермен ғана өлшенбейді.

Әйелдер мен ер адамдардың бала сүю мүмкіндігі жасқа қарай қалай өзгереді

Андролог-уролог ерлер мен әйелдердің репродуктивті мүмкіндіктерінде айырмашылық бар екенін айтты. Маманның сөзінше, ер адамда сперматозоид түзілуі егде жасқа дейін жалғасуы мүмкін. Сондықтан денсаулық жағдайы мүмкіндік берсе, жасы ұлғайған ер адамның да әке атану ықтималдығы сақталады.

Ал әйелдердің бала көтеру мүмкіндігі жас ұлғайған сайын төмендейді. Әсіресе 35-40 жастан кейін табиғи жолмен жүкті болу ықтималдығы айтарлықтай азаяды. Дегенмен жас ерекшелігі ер адамның да репродуктивті денсаулығына әсер етеді. Уақыт өте сперматозоидтардың сапасы өзгеріп, ұрықтандыру қабілеті төмендеуі мүмкін.

70–80 жаста әке болу мүмкін бе

Подкаст барысында дәрігер қазақ халқында кездесетін «Сексенбай» есіміне де тоқталды.

Оның айтуынша, мұндай есімнің қойылуын егде жастағы ер адамның өзімен қатарлас әйелден балалы болуымен ғана байланыстыру дұрыс емес. Бұрын қоғамда жас айырмашылығы үлкен некелер де кездескен. Маман егде жастағы ер адамның жас әйелден балалы болу мүмкіндігі сақталатынын, алайда мұндай жағдайда әкенің жасы мен ұрық сапасы маңызды рөл атқаратынын түсіндірді.

«70–80 жастағы ер адамның ДНҚ-сы бұзыла бастауы мүмкін. Ондай жағдайда ұрықтану болмай қалуы немесе жүктілік үзілуі мүмкін», – деді Азамат Сандыбайұлы.

Дәрігердің түсіндіруінше, жас ұлғайған сайын сперматозоидтардың генетикалық материалының зақымдану қаупі артуы мүмкін. Бұл ұрықтандыру мүмкіндігіне және жүктіліктің әрі қарай дамуына әсер етуі ықтимал, алайда мұндай өзгерістер егде жастағы барлық ер адамда міндетті түрде кездеседі деген сөз емес. Репродуктивті денсаулық әр адамның жасына, жалпы денсаулық жағдайына және басқа да факторларға байланысты.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button