ЕрекшеЖаңалықтарСпорт

«Жеңіс те, өрлеу де жоқ»: экономист футбол клубтары ақшаны желге шашып жатқанын айтты

“Қайрат” футбол клубы Чемпиондар лигасына шығып жатқан сәтте белгілі экономист Расул Рысмамбетов қоғам назарын бір мәселеге аудартады. Оның айтуынша, мемлекеттің қолдауынсыз-ақ жекеменшік клуб үлкен жетістікке жеткен. Ал бюджеттің ақшасын “игеріп” қана жатқан футбол клубтары да баршылық, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ЭКОНОМИСТ НЕ ДЕЙДІ

Расул Рысмамбетов бұл жөнінде ойын телеграм-арнасында жазды. Оның сөзінше, «Қайрат» футбол клубы мемлекеттік қолдауынсыз да үлкен жетістікке жетіп, Чемпиондар лигасына жолдама алуға болатынын көрсеткен.

“Өйткені бұл – жекеменшік клуб, онда әр теңге орнымен жұмсалады. Өзіңнен ұрлай алмайсың, ал алаңдағы нәтиже бәрін өзі көрсетеді. Ал енді жыл сайын бюджеттен миллиардтап қаржы алатын басқа командаларға қарайық. Одан келіп жатқан пайда жоқ. Жеңіс те жоқ, өрлеу де жоқ, тек қана қаржыны «игеру». Бұл – спорттың дамуы емес, салық төлеушілердің ақшасын босқа шашу”, – дейді ол.

Экономист дәл осындай жағдай газ-химия жобаларына да қатысты екенін жазады. Сөзінше, мемлекет қолдау көрсеткенімен, ол бәсекеге қабілетті өндіріс құруға сеп болмайды. “Кейін кінәлілерді де таппайсың. Шикізатты тиынға сатып жібереді. Соңында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды да арзанға өткізіп тынады” дейді ол.

“ҚАЙРАТ” ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫНДА

Алматылық «Қайрат» жақында шотландиялық «Селтикті» жеңіп, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. 26 тамызда Алматыдағы «Орталық» стадионда алматылық «Қайрат» пен Шотландияның Глазго қаласынан келген «Селтик» командасы арасында қарымта матч өтті. Кездесу Чемпиондар лигасының іріктеу плей-офф кезеңі аясында өтті. Еске сала кетейік, алғашқы ойын 0:0 есебімен аяқталған еді.

Екі жақ тең түсіп, матч пенальтиге ұласты. Алматылық «Қайрат» Темірлан Анарбековтің үш сейві және соғылған үш голының арқасында пенальти сериясында 3:2 есебімен жеңіске жетіп, тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды.

Back to top button