Шымкентте өткен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable шарасында $4,8 млрд болатын құжаттарға қол қойылды

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (Жаһандық инвестициялар бойынша қазақстандық дөңгелек үстел) іс-шарасына қатысты. Биылғы іс-шараның Шымкент қаласында өтуі Еуразияның негізгі сауда ағындары мен Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің тоғысында орналасқан мегаполистің қарқынды дамуын көрсетеді, деп хабарлайды Үкімет.
Пленарлық отырыс басталар алдында Олжас Бектенов шетелдік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан өңдеу өнеркәсібін, АӨК, энергетика және басқа да салалардағы бірқатар жобамен танысты. Олардың қатарында Жамбыл облысындағы Masdar жел электр стансасының құрылысы, Қарағанды және Түркістан облыстарындағы China Energy компаниясының ЖЭК саласындағы жобалары, Алматы облысындағы Carlsberg Group компаниясының алкогольсіз сусындар өндіретін зауыты және Alatau city жобалары бар. Сондай-ақ Шымкент қаласында орналасқан Alsera жылыжай кешені мен QazAlPack зауытының құрылысына да ерекше назар аударылды.
KGIR-2026 алаңынна сындарлы диалог орнатуды мақсат еткен 40-тан астам елден келген 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі жиналды.

«Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбындағы пленарлық отырысты ашқан Премьер-министр іскерлік қоғамдастық өкілдеріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қалыптастырылып, белсенді дамып келе жатқан кең ауқымды инвестициялық мүмкіндіктер туралы мәлімет берді.
«Біз халықаралық іскерлік қоғамдастықпен, оның ішінде бүгінгі Дөңгелек үстел аясында тікелей диалог орнатуға ерекше мән береміз. Былтыр еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өсіп, $300 млрд-тан асты. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл бұл көрсеткіш $300 млрд-қа жетеді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға жарты трлн долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылса, тек соңғы 5 жылдың өзінде бұл көрсеткіш $100 млрд-тан асты. Біз үшін озық технологияларды енгізу, жаңа өндірістерді құру және шикізатты терең өңдеу арқылы экономиканы сапалы жаңғырту – аса маңызды міндет. Дәл осы стратегиялық басымдықтар 2030 жылға дейінгі жаңартылған Инвестициялық саясат тұжырымдамасында көрініс тапқан. Қазақстан ұзақмерзімді инвестициялар үшін ашық әрі тұрақты мемлекет болып қала береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов. Сондай-ақ Премьер-министр инвесторларды Екібастұз қаласындағы «ДӨО алқабын» құру, жоғары технологиялы Alatau City қаласын салу және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашатын өзге де ауқымды бастамаларға белсенді қатысуға шақырды.
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін басым бағыттар ретінде өңдеу және химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру және көлік машина жасау, АӨК пен агроөңдеу, IT-инфрақұрылымды цифрландыру мен дамыту, жоғары технологиялық қалаларды салу аталды.
Қазақстанда инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалған: инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін Kazakhstan Investment House орталығында экспорттық және өнеркәсіптік қолдаудың 100-ден астам түрі қолжетімді болады, Altyn Visa арнайы визалық режимі енгізілуде, «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында ағылшын құқығы нормаларын қолдану мүмкіндігі бар, инвесторлардың құқықтарын Бас прокуратура деңгейінде қорғау тетіктері жұмыс істейді, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді Үкімет жанындағы кеңес жүзеге асырады. Инвестициялық тартымдылық халықаралық рейтингтермен де расталады. Жетекші рейтингтік агенттіктер Қазақстанның инвестициялық деңгейін растап отыр. Ал, S&P агенттігі еліміздің рейтингін тұрақты болжаммен «BBB» деңгейіне дейін көтерді. Бұл – соңғы онжылдықта қол жеткізілген осындай алғашқы көрсеткіш. Сонымен қатар еліміз Global Investment Risk and Resilience Index индексінде бірден 17 сатыға көтеріліп, әлем бойынша 53-ші орынға ие болды.
Премьер-министр жетекші шетелдік компаниялар жаңа жобалары үшін Қазақстанды таңдауды жалғастырып жатқанын атап өтті. Табысты жүзеге асырылып жатқан бастамалар осының айқын дәлелі. Мәселен, Stadler Rail Астанада жолаушылар вагондарының жаңа буынын шығаруды жолға қойды, Carlsberg Group қазіргі заманғы сусындар өндірісін ашты, PepsiCo тұзды тіскебасарлар өндіретін зауыт салуда, Mars үй жануарларына арналған азық өндірісін құруда, ал Air Liquide сутегі өнеркәсібін дамытуда.

Пленарлық сессия барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, The Boeing Company президенті және бас атқарушы директоры Келли Ортберг, Ислам даму банкінің президенті, Ислам даму банкі тобының төрағасы Мухаммад Сулейман Аль-Джассер, Masdar бас атқарушы директоры Мохамед Джамиль Аль-Рамахи, Sarens Kazakhstan президенті Лудо Антон Саренс, Lasselsberger Group бас атқарушы директоры Йозеф Ласселсбергер сөз сөйледі.
Шымкентте KGIR-2026 алаңында жалпы сомасы $4,8 млрд болатын 22 құжатқа қол қойылды.
Олардың қатарында келесідей Инвестициялар туралы келісімдер:
- Қостанай облысында $730 млн сомасына қуаты 1 000 МВт болатын, энергия жинақтау жүйесі бар жел электр стансасын салу туралы (ҚР Энергетика министрлігі мен «Turan Wind Energy» ЖШС арасында);
- $249,6 млн сомасына Қазақстанның автомобиль жолдарында интеллектуалды бақылау жүйесін (АЖИБЖ) құру туралы (ҚР Көлік министрлігі мен «Freedom Lab» ЖШС арасында);
- Ақтөбе қаласында $150 млн сомасына шыны ыдыс өндіретін зауыт салу туралы (ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Aktobe Steklo компаниясы арасында).
Меморандумдар:
- $1 млрд сомасына 20 өңірлік инклюзивті мектептен тұратын желі салу жобасын жүзеге асыру туралы (ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «DSKZ & KAMC» ЖШС арасында);
- $1 млрд сомасына Құрық портының дамуының бірінші кезеңі аясында көпфункционалды терминал салу туралы («Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ мен Guoyou Materials Group Co., Ltd. арасында);
- $650 млн сомасына «Қазақстанның халықаралық медициналық қаласы» инвестициялық жобасын жүзеге асыру туралы («KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен Shoval Kazakhstan Ltd. арасында);
- $500 млн сомасына ДӨО алқабының аумағында қуаты 250 МВт болатын дата-орталық салу туралы (ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Amsa Digital компаниясы арасында);
- $111,1 млн сомасына ет кластерін құру туралы (Түркістан облысының әкімдігі мен «Nurym Group» ЖШС арасында);
- Астанада $40,8 млн сомасына британдық білім беру моделі бойынша жатақханасы бар университет кампусын салу және пайдалану туралы (ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Coventry University Kazakhstan арасында);
- $8,8 млн сомасына полипропилен қаптар мен биг-бэгтер өндіретін зауыт салу туралы (Қызылорда облысының әкімдігі мен Apex Packaging компаниясы арасында) және басқа да құжаттар бар.
Сондай-ақ Шымкент қаласының әкімдігі мен «KOKSAN» ЖШС арасында $74,3 млн сомасына ПЭТ-преформалар өндіретін және пластикті қайта өңдейтін зауыт салу жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойылды.
Әлеуметтік-экономикалық және индустриялық жобаларды жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін «Кока-Кола Алматы Боттлерс» БК» ЖШС бас директоры Вели Динчел, Aksa Energy компаниясының бас директоры Наджи Агбал, «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» ЖШС бас директоры Сунь Пэнчэн, «KamLitKZ» ЖШС бас директоры Алексей Котов, «Saran Machinery» ЖШС бас директоры Станислав Ли; «Fabe Agro» ЖШС басқарма төрағасы Ахмед Будан, Emirates Kazakhstan Education Investment Group өкілі Руслан Жұмагұлов; Carlsberg Central Asia президенті әрі Орталық Азия өңірінің басшысы Вячеслав Мальцев; SABIS өңірлік директоры Рами Малак; Ardingly Astana халықаралық білім беру мекемесінің басшысы Даррен Джонс; TEXOL компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазава; Network School негізін қалаушы әрі бас директоры Баладжи Шринивасан марапаттарға ие болды.
Олжас Бектенов IX Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында Aksa Energy, Carlsberg Kazakhstan, Solico Group және CONTEC халықаралық компанияларының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.
Кездесулер барысында энергетика, агроөнеркәсіп кешені, тамақ өнеркәсібі және ғарыш салалары бойынша қолданыстағы және келешегі зор бірлескен инвестициялық жобалар қаралды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттерге сәйкес ынтымақтастықты кеңейту, өңдеу өндірістерін дамыту және жаңа технологиялар енгізу мүмкіндіктері талқыланды. Қазақстандық қамту үлесін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Aksa Energy компаниясының бас директоры әрі атқарушы комитетінің төрағасы Наджи Агбалмен кездесуде ынтымақтастық нәтижелері және Қазақстанда жаңа энергетикалық жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, Қызылордада құны 215 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысының сәтті іске қосылғаны атап өтілді. Электр қуаты 240 МВт, жылу қуаты сағатына 277 Гкал болатын станса биылғы маусым айында коммерциялық пайдалануға берілді. Нысан өңірдің электр энергиясы мен жылуға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ компанияның Қазақстандағы инвестициялық жоспарлары қаралды.

Carlsberg Kazakhstan бас директоры Вячеслав Мальцевпен кездесу барысында тамақ өнеркәсібін дамыту, өндірісті локализациялау және экспортты кеңейту мәселелері талқыланды. Carlsberg Kazakhstan Қазақстандағы PepsiCo өнімдерінің ресми дистрибьюторы болды. Екі компанияның ынтымақтастығы аясында осы жылдың 1 қазанында Алматы облысында құны $344 млн болатын алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт іске қосылды. Кәсіпорын өнімдері ішкі нарыққа да, экспорттық жеткізілімдерге де арналған. 230 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бүгінгі таңда Carlsberg Kazakhstan қызметіндегі қазақстандық қамту үлесі 71,5%-ды құрайды. Отандық шикізат және қаптау материалдарын жеткізушілермен ынтымақтастықты кеңейтуге назар аударылды.
Solico Group компаниясының ТМД елдеріндегі бас директоры әрі директорлар кеңесінің мүшесі Алиреза Мохаммад Рахимимен келіссөздер аясында Алматы облысында ірімшік өндіретін зауыт құрылысының барысы талқыланды. Жобаға салынатын инвестиция көлемі шамамен 45 млрд теңгені құрайды, кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 41 мың тоннаға жетеді. 450-ге жуық тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда, кәсіпорынды 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ Қазақстанның аграрлық өңірлерінде жаңа өңдеу өндірістерін іске қосу перспективалары да қаралды. Бұл отандық өнім экспортының кеңеюіне елеулі серпін береді.
CONTEC компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Ли Сонхимен кездесуде ғарыш саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды. Қазақстанда спутниктер мен олардың құрамдас бөліктерін бірлесіп өндіру, жерүсті инфрақұрылымын дамыту және жекелеген өндірістік процестерді локализациялау мүмкіндіктері қарастырылды. Спутниктік деректерді өңдеуде жасанды интеллект технологияларын енгізуге, сондай-ақ отандық мамандарды даярлау саласындағы өзара іс-қимылға және бірлескен өнімді шетелдік нарықтарға шығару перспективаларына ерекше назар аударылды.
Қазақстан жаңа инвестициялар тартуға және қосылған құны жоғары өнім өндіру жобаларын жүзеге асыруға мүдделі. Премьер-министр салалық министрліктер мен жауапты ұйымдарға инвестициялық жобаларға қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.
Олжас Бектенов Шымкенттің индустриялық дамуымен танысып, жол сапасын жақсарту жұмыстарын тексерді
Олжас Бектенов Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуымен және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір экономикасының жаңа өсу бағыттарын дамыту және автожолдар сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты. Атап айтқанда, «Жұлдыз» және «Тассай» индустриялық аймақтарына барып, Бәйдібек би даңғылы мен Қ.Төлеметов көшесінің қиылысындағы көлік айрығы учаскесін қарап шықты. Премьер-министр сондай-ақ мегаполис тұрғындары мен қонақтарының жайлылығы үшін қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстарымен танысты.
«Жұлдыз» индустриялық аймағында Wan Sheng Ceramic керамограниттен жасалған бұйымдар шығаратын зауыттың бас директоры Лю Вэньцин биыл кәсіпорын жылына 12-13 млн м2 өнім өндіретін толық жобалық қуатқа шыққанын баяндады. Мұнда 350 тұрақты жұмыс орны ашылған, аралас ұйымдарды есепке алғанда, 1 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Пайдаланылатын шикізаттың шамамен 95%-ы Қазақстан аумағындағы кен орындарынан алынады. Компания ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, өнімнің 40%-ын ТМД елдеріне экспорттайды. Өндірісті одан әрі кеңейту жоспарланып отыр.
«Тассай» алаңында «Asia Trafo» ЖШС басқарма төрағасы Дәуірбек Атеев Премьер-министрге технологиялық процесі және шығарылатын жабдық түрлері, соның ішінде күштік трансформаторлары, автотрансформаторлар және басқа да өнімдер туралы баяндады. Мұнда үшөлшемді жобалау, математикалық модельдеу және цифрлық басқару технологиялары енгізілді. Жобалық қуаты жылына 12 мың МВА, бұл Қазақстанның 500 кВ дейінгі кернеу класындағы қосалқы стансалық жабдықтардың негізгі түрлеріне деген қажеттілігінің 90%-ына дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, трансформаторлар ірі энергетикалық нысандарға, соның ішінде жаңа жылу электр орталықтары мен электр стансаларын салу үшін жеткізіледі. Зауыт 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Шымкентте жалпы 8 индустриялық аймақ жұмыс істейді, олардың аумағы 90%-ға толған, онда 354 жоба жүзеге асырылған. Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 5,9 трлн теңгеге жетіп, соңғы бес жылда 2,2 есе өскен. 2026 жылғы қаңтар – қыркүйекте өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,2 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,9%-ға артты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 7,4%-ға, 580 млрд теңгеге дейін өсті. Кәсіпкерлікті қолдау шараларымен 10,5 млрд теңге сомасына 1 480 жоба қамтылды. Әлеуметтік маңызды бағыттарға, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға, азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз етуге 439,5 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Сапар қорытындысы бойынша Олжас Бектенов өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, сыртқы істер министрліктеріне және Шымкент әкімдігіне зауыттардың ағымдағы қуатын кеңейту үшін қажетті қолдау шараларын қабылдауды, сондай-ақ индустриялық аймақтар аумағының толық жүктелуін қамтамасыз етуді жеделдетуді тапсырды.
Жұмыс сапары барысында Премьер-министр Бәйдібек би даңғылы мен Қ. Төлеметов көшесінің қиылысындағы көлік айрығы құрылысының барысымен де танысты. Жобада ұзындығы 550 метрге жуық эстакадасы, ұзындығы 180 метрден асатын жол өтпесі және үш жерасты жаяу жүргіншілер өткелі бар төрт жолақты жол айрығын салу көзделген. Жобаның құны 8,5 млрд теңгені құрайды. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, көпірдің үсті арқылы қозғалыс ашылды. Төмендегі жұмыстарды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Жалпы алғанда, қала жолдарының ұзындығы 3,8 мың шақырымды құрайды. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов соңғы үш жылда 1,8 мың шақырым жолға асфальт төселгенін, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ға жеткенін баяндады. Қалаға күн сайын 140 мыңға дейін автокөлік кіреді, оның шамамен 80 мыңы транзит арқылы өтеді. Көлік жүктемесінің артуына байланысты биыл П.Момынов және К.Тіленшин көшелеріндегі жол өткелдері арқылы көлік қозғалысы ашылды. Бәйдібек би – Қ.Төлеметов көшелерінің қиылысындағы жолайрықты пайдалануға беру көше-жол желісінің өткізу мүмкіндігін арттырып, көлік жүктемесін азайтуға және қозғалыс қауіпсіздігін жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Шымкент әуежайын реконструкциялау жұмыстарының барысы баяндалды. Жоба аясында жалпы құны 46,1 млрд теңге болатын екінші ұшу-қону жолағы мен бұру-қозғалу жолдарын салу көзделген. Жұмыстарды 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Премьер-министр инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуын, оның ішінде мердігер ұйымдардың жұмысын бақылауды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы халықаралық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын жақсартуды тапсырды. Бүгінде жол құрылысы стандарттары мен олардың жай-күйін бағалау жүйесін қайта қарайтын арнайы Үкіметтік жұмыс тобы құрылды. Бұл саладағы тәртіпті ретке келтіріп, өңірлік және ауданаралық жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайына себеп болатын факторларды жою қажет. Жергілікті жерлерде әкімдіктер жаппай бақылау мен цифрландыру арқылы бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс. Қаланың өсуін ескерсек, Шымкент үшін де жолдарды сапа мен қауіпсіздіктің жаңа заманауи технологияларын қолдана отырып салу маңызды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.



