$ 448.61 € 503.83 ₽ 5.48
БілімЖаңалықтар

Үздік баға үшін оқушыларға неге ақша төленбей қалды

Мектеп оқушыларының үздік бағалары үшін берілетін кешбэкке қатысты жаңа талап енгізілді. Freedom Bank 8 қазаннан бастап BilimClass электронды журналы бойынша бонус есептеу шарттарын өзгерткен, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оқушыларға ақша неге түспей қалған

Әлеуметтік желіде ата-аналардың бірі баласына үздік бағалары үшін бұрын беріліп келген кешбэктің тоқтағанына шағымданған. Әйелдің айтуынша, баласы сабақтан тұрақты түрде жоғары баға алғанымен, банк бонус есептеуді доғарған.

Freedom Bank өкілдері мұның себебін BilimClass бағдарламасының жаңартылған талаптарымен түсіндірді.

Банк мәліметінше, 8 қазаннан бастап үздік бағалар үшін кешбэк алу мүмкіндігін іске қосу үшін ата-ана немесе оқушы соңғы 30 күн ішінде кемінде 100 теңгеге сатып алу операциясын жасауы тиіс.

Бұл ретте кез келген төлем есепке алынбайды. Банк кешбэк алу шартын орындау үшін мына операцияларды ғана ескереді:

  • Freedom Bank картасымен дүкендерде немесе интернет арқылы сауда жасау;
  • Freedom SuperApp қосымшасындағы серіктес сервистер арқылы төлем жүргізу;
  • Банктің POS-терминалдары арқылы QR-кодпен төлем жасау.

Яғни, оқушы үздік баға алған күннің өзінде, аталған талап орындалмаса, кешбэк есептелмеуі мүмкін.

Қандай төлемдер есепке алынбайды

Банк өкілдері мобильді қосымша арқылы жасалатын барлық төлем кешбэк алу мүмкіндігін іске қоспайтынын ескертті. Атап айтқанда, ұялы телефон теңгерімін толтыру, коммуналдық қызметтер ақысын төлеу, бірыңғай QR-код арқылы төлем жасау және ақша аударымдары жаңа талапты орындауға жарамайды.

«Назар аударыңыз, қосымшадағы әдеттегі төлемдер, мысалы, ұялы телефон теңгерімін толтыру, коммуналдық қызметтер ақысын төлеу, бірыңғай QR-код арқылы төлем жасау және ақша аударымдары кешбэк алу мүмкіндігін іске қосу үшін есепке алынбайды», – деп түсіндірді банктен.

Егер ата-ана немесе оқушы барлық талапты орындағанына қарамастан, үздік бағалар үшін кешбэк түспесе, Freedom Bank банктің Instagram желісіндегі ресми парақшасына хабарласуды ұсынады.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button