Зейнетке шықпай-ақ өмір бойы төлем алуға болады – министрлік
Қазақстанда зейнетақы аннуитеті зейнетақы жинақтары есебінен өмір бойы төлем алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Компания төлем жасауға міндеттеледі
Жыл басталғалы сегіз айды алсақ, зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері 81,5 млрд теңгені құраған. Ал сақтандыру жарналары көлемі 624,7 млрд теңгеге жетіп отыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақымен қамсыздандырудың осы тетігі қалай жұмыс істейтіні жөнінде мәліметпен бөлісті. Анықталғандай, зейнетақы аннуитетіне сәйкес, азамат өзінің зейнетақы жинақтарын өмірді сақтандыру компаниясына аударады.
Ал компания оған өмір бойы тұрақты төлем жасап отыруға міндеттеме алады. Демек, төлем адамға өмір бойы беріледі. Тіпті, төлемдердің жалпы сомасы бастапқыда аударылған қаражаттан асып кетсе де, төлем жалғаса береді, – делінген министрлік мәліметте.
Қажетті сома әр адамға жеке есептеледі
Мамандар зейнетақы аннуитеті бойынша келісімшарт жасауға белгіленген жасқа толып, зейнетақы жинағында жеткілікті қаражат болуы керектігін айтып отыр.
Қажетті сома әр адамға жеке есептеледі. Бұл ретте азаматтың жасы мен болашақ төлемдердің мөлшері ескеріледі, – делінген ақпаратта.
Айталық, биыл зейнетақы аннуитетін рәсімдеген соң 55 жастағы ер адамдар мен 53-ке толған әйелдер бірден төлем ала алады. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемі 60 ай бойы төленген азаматтар жеткілікті жинағы болған жағдайда 50 жастан бастап төлем ала алады.
Кәсіптік зейнетақы жарналары қалай рәсімделеді
Бұдан бөлек, кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті де бар екенін ескеру қажет. Мұндай келісімшарт арқылы болашақ төлем шарттарын алдын ала белгілеуге болады.
Оны 45 жастан бастап, ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленген жағдайда 40 жастан бастап рәсімдеуге болады. Бұл ретте төлемдер заңнама мен келісімшартта белгіленген жасқа жеткен соң басталады, – делінген министрлік ақпаратында.