$ 448.61 € 503.83 ₽ 5.48
TOP-2Жаңалықтар

«Рахман қайнары» инвестордың басқаруына беріледі

Қазақстанда «Рахман қайнары» шипажайын инвесторға сенімгерлік басқаруға беру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің елдегі санаторий-курорттық әлеуетті дамыту жөніндегі депутаттық сауалға берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Шипажайға қатысты қандай жоспар бар

Үкімет жауабында «Рахман қайнары» инвестиция тарту мүмкіндігі қарастырылып жатқан санаторий-курорттық нысандардың қатарында аталған.

«Рахман қайнары шипажайын инвесторға сенімгерлік басқаруға беру пысықталуда», – делінген жауапта.

Алайда құжатта инвестордың аты, нысанды басқаруға беру мерзімі мен шарттары көрсетілмеген. Болашақ басқарушыға қандай міндеттемелер жүктелетіні және шипажайға қанша инвестиция қажет екені де нақтыланбаған.

Балушкиннен қайтарылған шипажай

Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданындағы «Рахман қайнары» шипажайы 1964 жылы ашылған. Тоқсаныншы жылдары нысан жекешелендіріліп, кейін кәсіпкер Анатолий Балушкинмен байланысты «БИПЭК Авто – Азия Авто» тобының құрамына кірген. 2021 жылы автохолдингке қатысты тергеу мен сот процестері жүріп жатқан тұста шипажай жұмысын тоқтатты. Кейін шипажай мемлекетке қайтарылды.

2024 жылы тамызда құны 1,6 млрд теңгеден асатын 65 жылжымайтын мүлік нысаны мемлекеттік органдардың балансына берілді. Сол кезде Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі шипажайдың облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына бекітілгенін хабарлаған. Өңірді сол уақытта басқарған Ермек Көшербаев активтің қылмыстық іс аясында мемлекетке қайтарылғанын түсіндірген. Екінші кезең 2025 жылы қаңтарда аяқталды. Мемлекетке шипажайдың құны 1,5 млрд теңгеге бағаланған қалған жылжымалы және жылжымайтын мүлкі берілді. Оның құрамына тұрғын үйлер мен шаруашылық ғимараттары, инженерлік құрылыстар, жиһаз, техника және медициналық жабдықтар кірді. Осылайша, мемлекетке қайтарылған мүліктің жалпы бағалау құны 3 млрд теңгеден асты.

Енді Үкімет шипажайды инвесторға сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігін қарастырып отыр. Дегенмен нысанның қашан қайта ашылатыны әзірге нақтыланған жоқ.

АЯН ӨРІБАЙ

Аян Өрібай – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының бас редакторы, Tizgin ЖШС директоры. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын ШҚО Ақпараттық орталығында маман болып бастап, Өскемендегі облыстық «Менің Өлкем» жекеменшік газетінде тілші қызметін атқарған. Кейін Астанадағы «ҚазАқпарат» ХАА-да тілші, Ulysmedia.kz порталында арнайы тілші болып еңбек еткен. «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері.
Back to top button